Accessibility links

БҰҰ кеңесінде Шыңжаңдағы қысымды талқылау ұсынысы қолдау таппады. Қарсы дауыс бергендер арасында Қазақстан да бар


Шыңжаңдағы "қайта тәрбиелеу лагерьлеріндегі" тұтқындарды бақылап тұрған сақшылар. 2018 жыл.
Шыңжаңдағы "қайта тәрбиелеу лагерьлеріндегі" тұтқындарды бақылап тұрған сақшылар. 2018 жыл.

БҰҰ Адам құқығы кеңесі Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі мұсылмандарға арналған лагерьлер мәселесін талқылау туралы ұсынысты қабылдамады. Кеңес жиынында адам құқығы жөніндегі жоғарғы комиссардың аталған мәселе бойынша баяндамасын талқыламау туралы шешім қабылданды. Қазақстан да талқылауға қарсы дауыс берді.

Шыңжаңда ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге де түркі тілді мұсылмандардың құқықтарының тапталып жатқаны жөнінде талқылау өткізуді Ұлыбритания, Түркия, АҚШ және өзге елдер ұсынған.

47 мемлекеттен құралған Адам құқығы кеңесінің жиынында 17 ел ұсынысты қолдап дауыс берді, 19-ы қарсы болды. 11 мемлекет қалыс қалды. Қазақстан, Өзбекстан, Пәкістан, Біріккен Араб Әмірліктері, Катар, Қытай, Непал, Индонезия, Камерун, Эритрея, Габон, Кот-д'Ивуар, Мавритания, Намибия, Сенегал, Судан, Боливия, Венесуэла және Куба талқылауға қарсы дауыс берді.

Дамыған елдердің көбі Қытай инвестициясынан қағылып қаламыз ба деп сескеніп, дауыс беруден тартынды деген пікір бар.

Дауыс бергеннен кейін Қытай сыртқы істер министрлігі батыс елдерін "адам құқығын желеу етіп Қытайды қаралауға барынша тырысты" деп айыптады.

Ал Адам құқығын қорғау жөніндегі кейбір жетекші топтар көңілі қалғанын айтып, Шыңжаңдағы мұсылман топтардың құқықтарын қорғау бойынша жұмысын жалғастыра беретінін жеткізді.

Amnesty International бас хатшысы Агнес Калламар "бүгінгі дауыс беру адам құқығының бұзылуына кінәлілерді қорғайды, БҰҰ Адам құқығы кеңесін өз тұжырымын елемеуге мәжбүрлеп, фарс жағдайда қалдырады" деп сынады.

Дүниежүзілік ұйғыр конгресінің президенті Долкун Иса мұсылман елдердің ұсынысқа қарсы дауыс беруін сынап, "халықаралық қауымдастық геноцид құрбандарын назардан тыс қалдыра алмайды" деді.

БҰҰ адам құқығы жөніндегі басқарма есебінде Шыңжаңдағы ұйғырлардың қудалануы геноцид ретінде аталмайды, бірақ кейбір батыс елдері оны геноцид деп таныған.

  • БҰҰ есебінше, Қытай Шыңжаң өлкесінде 2017 жылдан бері лагерьлер ашып, бір миллион ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылмандарды қамаған. Оларға Қытай заңдары мен коммунистік партияны дәріптейтін өлеңдерді күшпен жаттатқызған, қытай тілін үйреткен. Кейін зерттеушілер Пекин Шыңжаңдағы халықтың санын азайту үшін әйелдерді стерилизациялап, түсік жасатқанын мәлімдеген. Лагерьден шыққан әйелдер сақшылар зорлағанын, ал еркектер қамауда азапталғанын айтқан.
  • Қытай лагерьлерді "кәсіпке баулу орталығы" дейді, ал Шыңжаңдағы саясатын "экстремизммен күрес" деп атайды. Пекин Шыңжаңға Батыс елдері мен БҰҰ өкілдерін кіргізуден бас тартты. Қытай мемлекеттік медиасы Шыңжаңдағы "бақытты өмірді" көрсетуге тырысады.
  • Жуырда БҰҰ баяндама жариялап, Шыңжаңда "адамзатқа қарсы қылмыс деп бағалауға болатын адам құқығын өрескел бұзу" жаттары болған деп мәлімдеген. Сарапшылар Шыңжаңдағы "қайта тәрбиелеу лагерлерінде" 2017-2019 жылдар аралығында "жүйелі ауқымды түрде азаматтарды күштеп ұстағанын" анықтаған.
  • Баяндама авторлары ондаған куәгердің сұхбаттарына сүйене отырып, лагерьдегі азаптаулар мен "адамды қорлайтын дөрекі қатынас" түрлерін, сонымен бірге зорлық-зомбылық, күш көрсету оқиғаларын баяндаған.
XS
SM
MD
LG