Қазақстан Қауіпсіздік кеңесі хатшысының бұрынғы бірінші орынбасары Марат Шайхутдинов "мемлекетке сатқындық жасау" және "тыңшылық" баптары бойынша кінәлі танылып, жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл жөнінде 7 қазанда ҰҚК баспасөз қызметі хабарлады.
Үкім 21 қыркүйекте Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында оқылған.
ҰҚК 7 қазан күнгі хабарламасында "қылмыстық іске қатысы бар" Л.Скаковский ("мемлекетке опасыздық жасау", 175-бап, 1-бөлім) және О.Жданның ("тыңшылық", 176-бап) "кінәсі толық дәлелденгенін" де жазған.
"Олар сәйкесінше 11 жыл 3 айға және 11 жылға бас бостандықтарынан айырылды" деп жазылған хабарламада.
Дегенмен ҰҚК қай ел мүддесіне "сатқындық пен тыңшылық жасалғанын" нақтыламаған.
Тек "шетелдік арнаулы қызметтердің қай елге тиесілі екені және қылмыстық іске қатысы бар адамдар туралы өзге деректер жария етуге жатпайды" деп жазған.
63 жастағы Марат Шайхутдинов Қауіпсіздік кеңесі хатшысының бірінші орынбасары қызметінен биыл 28 наурызда президент жарлығымен босатылған. Сол кезде кейбір жергілікті БАҚ құпия дереккөздерге сүйеніп оның ұсталғанын хабарлаған.
Шайхутдинов Қауіпсіздік кеңесі хатшысының бірінші орынбасары қызметіне 2015 жылы келген. 2018 жылы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көмекшісі міндетін де атқарған.
Оған дейін – 2009 жылдан бері Марат Шайхутдинов Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары болған.
2017 жылы Шайхутдинов сол кездегі сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге Ресей басшысы Владимир Путиннен "Ресей мен Қазақстан арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға зор үлес қосқаны үшін" Достық орденін алған.
ПІКІРЛЕР