Accessibility links

Бейбітшілік жөніндегі Нобель сыйлығының лауреаттары белгілі болды


Бейбітшілік жөніндегі Нобель сыйлығы ресейлік "Мемориал", белорус құқық қорғаушысы Алесь Беляцкий және украиналық "Азаматтық еркіндік орталығы" құқық қорғау ұйымына берілді. Бұл жөнінде 7 қазанда Ослода жарияланды.

"Бейбітшілік сыйлығының лауреаттары - өз елдеріндегі азаматтық қоғам өкілдері. Олар ұзақ жылдар бойы билікті сынау құқығына дем беріп, азаматтардың негізгі құқықтарын қорғады. Әскери қылмыстар мен адам құқығын таптау және билікті асыра пайдалану жайттарын құжатқа түсіруге көп күш салды. Олар бірігіп азаматтық қоғамның бейбітшілік пен демократия үшін маңыздылығын көрсетеді" деп мәлімдеді норвегиялық Нобель комитеті.

Былтыр ресейлік "Новая газета" бас редакторы Дмитрий Муратов пен филиппиндік журналист Мария Ресса лауреат атанған.

Муратов қаржылай алған сыйақының бір бөлігін – шамамен 40,2 млн рубльді ресейлік қайырымдылық қорларына, бір бөлігін Ресейдегі журналистердің жағдайы туралы деректі фильм түсіруге жұмсаған. Бұған қоса "Новая газета" қызметкерлеріне сыйақы ретінде де үлестірген. Журналист биыл маусымда Нобель медалін АҚШ аукционында 103,5 млн долларға сатқан, қаржыны Ресей басқыншылығынан қашқан украиналық балалар мен олардың отбасына көмек ретінде жіберуге уәде берген.

Нобель сыйлығы алғаш рет 1901 жылы табысталған. 120 жыл ішінде сыйлық 109 адам мен 25 ұйымға табысталды. Лауреаттар арасында 18 әйел бар, ең жасы – 2014 жылы лауреат атанған 17 жастағы пәкістандық Малала Юсуфзай. Халықаралық Қызыл крест ұйымы Нобельдің Бейбітшілік сыйлығын үш рет иеленген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG