Accessibility links

Оралда "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деп айыпталған белсенділердің соты басталды


Азаматтық белсенділер Маруа Ескендірова және Амангелді Оразбаев әкімшілік қамауда өткізген күндерін қағазға жазып алып, сотта кеуделеріне жапсырып тұрды. Орал, 7 қазан 2022 жыл.
Азаматтық белсенділер Маруа Ескендірова және Амангелді Оразбаев әкімшілік қамауда өткізген күндерін қағазға жазып алып, сотта кеуделеріне жапсырып тұрды. Орал, 7 қазан 2022 жыл.

Оралдың қылмыстық істер жөніндегі соты 7 қазанда "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деп айыпталған азаматтық белсенділер Маруа Ескендірова мен Амангелді Оразбаевтың ісін қарай бастады.

Айыпталушыларға бірнеше эпизод бойынша (митингіге қатысу, үнпарақ тарату) айып тағылған.

Тергеу мен айыптау орындарының айтуынша, кейінгі екі жылда Ескендірова мен Оразбаевтың "бейбіт жиынға қатысқаны үшін" әкімшілік қамауға алынуы олардың кінәсін дәлелдей түседі. Ескендірова мен Оразбаев бейбіт акцияға қатысқаннан кейін әкімшілік жазаға тартылған.

"Маруа Ескендірова Орал қаласы аумағында басқарма тәртібіне қайшы қасақана қылмыстық құқықбұзушылық жасап, ұйымның қызметіне белсене араласты. Экстремизммен айналысқан бұл ұйымның қызметіне сот шешімімен тыйым салынған" деді прокурор. Бұдан соң ол Ескендірова қатысқан сегіз митингіні атап өтті.

Оразбаевқа да соған ұқсас айыптау актісі оқылды.

Маруа Ескендірова мен Амангелді Оразбаев тағылған айыптарды жоққа шығарды.

Олардың адвокаты Жанболат Құлжанов белсенділер оған мүше болды деп айтылған елде "экстремистік" деп танылып, қызметіне тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" және "Көше партиясына" қатысты шыққан сот шешімдерін іске қосуды сұрады.

Судья Нәйлә Жүнісова өтінішті ашық қалдырып, қорғау тарабы "өтінішті бұрын, жазбаша беруіне болатын еді" деді.

28 сәуірден бері үйқамақта отырған белсенділердің бұлтартпас шарасын өзгерту туралы өтінішті судья қараусыз қалдырды.

Оралдық белсенділер Маруа Ескендірова мен Амангелді Оразбаев билікті сынап, саяси реформа жасауға үндеп келеді. 19 сәуірден бері белсенділер "экстремистік ұйымның қызметіне араласқаны үшін" (405-бап, 2-бөлім) тергелген. Көктемде Ескендірова мен Оразбаевтың үйлерінде тінту болған. 28 сәуірден бері үйқамақта отырған белсенділердің үйқамақ мерзімі оқтын-оқтын ұзартылып жатыр.

Қазақстан соты "Қазақстанның демократиялық таңдауы" және "Көше партиясын" "экстремистік ұйымдар" деп танып, қызметіне тыйым салғанмен Еуропарламент оларды "бейбіт оппозициялық ұйымдар" деп атаған. Қазақстанда кейінгі жылдары 405-баппен сотталғандардың едәуір бөлігі осы ұйымдармен байланысты.

Халықаралық сарапшылар Қазақстан билігін "экстремизм" бабын белсенділерді қудалау үшін қолданбауға үндеген. Билік айыптауларды жоққа шығарған.

XS
SM
MD
LG