Қазақстан сыртқы істер министрлігі Қазақстан-Ресей бірлескен демаркация комиссиясының отырысы өткенін, тараптар шекараны белгілеу жұмыстарын жалғастырғанын хабарлады. Отырыс 3-7 қазанда Алматыда өткен.
"Тараптар Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасын демаркациялаудың қорытынды құжаттарының жобаларын қарастыруды және бекітуді жалғастырды, 2023 жылға арналған камералдық жұмыстар жоспарын бекітті, сондай-ақ алдағы жылы далалық жұмыстар жоспарын талқылады" деп жазылған министрлік хабарламасында.
Комиссияның келесі отырысы қарашада Ресейде өтеді.
Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді қыркүйек ортасында екі ел арасындағы шекараны түпкілікті бекіту үшін әлі екі-үш жыл қажет екенін мәлімдеген.
Orda.kz сайтының жазуынша, екі ел арасындағы шекара бөлінісі жайлы ресми мәлімет соңғы рет 2020 жылы жарияланған. Ол кезде Қазақстан мен Ресей арасындағы мемлекеттік шекараны демаркациялау жұмыстары 89 пайызға (яғни, 7548 шақырымның 6696 шақырымын белгілеу аяқталған) аяқталғаны хабарланған.
ПІКІРЛЕР