Accessibility links

Ресейдің Украинадағы әскеріне жаңа қолбасшы тағайындалды


Сергей Суровикин

Генерал Сергей Суровикин Ресейдің Украинадағы әскеріне қолбасшы болып тағайындалды. Бұл жөнінде Ресей қорғаныс министрлігі хабарлады.

Маусымда ведомство Суровикиннің Украинадағы оңтүстік әскери округқа жетекшілік ететінін хабарлаған. Суровикин 2017 жылдың 31 қазанынан бері әуе-ғарыш күштерін басқарады.

56 жастағы Сергей Суровикин 1991 жылы "тамыз бүлігі" кезінде танылған. Ол кезде капитан лауызымында болған Суровикин Мәскеуге кіргізілген дивизияның мотоатқыштар батальонын басқарған. 21 тамызға қараған түні Суровикин жетекшілігінде болған бронды техника колоннасын "Садовое кольцо" тоннелінде "бүлікшілерге" қарсы шыққан демонстранттар тоқтатқан. Колоннаны жарып өту кезінде үш демонстрант қаза болды. "Тамыз бүлігін" ұйымдастырғандар ұсталғаннан кейін Суровикин де қамалды, алайда тергеу нәтижесінде "ол басшылық бұйрығын орындады" деп танылып, оған тағылған айыптар алынды,

Сергей Суровикин Тәжікстандағы қарулы қақтығысқа, екінші шешен соғысы мен Сириядағы әскери операцияларға қатысқан. Ресей батыры атағын алған.

Кейінгі апталарда Украинада Ресей әскері жеңіліске ұшырап, едәуір аймақты тастап шыққан.

Сәуірде британдық BBC ақпарат агенттігі аты-жөнін айтпаған дереккөзге сүйене отырып, Украинадағы "әскери операцияға" жаңа қолбасшы генерал Александр Дворниковтің тағайындалғанын мәлімдеген. Ақпарат ресми түрде расталмаған. Сенбі күні Суровикиннің тағайындалуына пікірін айтқан кремльшіл блогерлер соғыс басталғалы бері Украинадағы әскери топтардың басын біріктіріп, басқаратын қолбасшы алғаш рет тағайындалып отырғанын айтты.

XS
SM
MD
LG