Accessibility links

Мәскеуде сынып сағатына қатыспай, аватарына көк-сары түсті сурет қойған бесінші сынып оқушысын полиция алып кетті


Мектеп директорына оқушының әлеуметтік желідегі парақшасына көк-сары түсті сурет қоюы ұнамаған.
Мектеп директорына оқушының әлеуметтік желідегі парақшасына көк-сары түсті сурет қоюы ұнамаған.

Мәскеуде 10 жастағы бесінші сынып оқушысын полиция мектептен алып кетті. Оқушының анасы мен құжаттарға сүйенген "ОВД-Инфо" жобасының хабарлауынша, мектеп директоры полицияға шағымданып, оқушының "Маңызды әңгіме" атты сынып сағатына қатыспағанын, аватарына Украинаның туын еске салатын сары-көк түсті сурет қойғанын айтқан. Шағымданушы полициядан оқушының "саяси көзқарасын қалыптастыруға" әсер етіп отырған анасына ықпал етуін сұраған.

Ақпаратқа қарағанда, қыркүйек соңында оқушының анасын мектеп басшылығы шақырып, қызының елдегі маңызды оқиғалар, оның ішінде Украинадағы соғыс талқыланатын "Маңызды әңгіме" атты сынып сағатына келмегенін айтқан. Директор мен мұғалімдер қызының аватары жөнінде де сұраған. Сыныптас бір қыздың ата-анасынан оқушының чатта соғыс және бейбітшілік туралы сауалнама жүргізгені жайлы шағым түскенін де айтқан.

Мектеп директоры полицияға жазған шағымында "отбасының тұрмыстық жағдайын тексеріп, баланың бұлайша әрекет етуінің себеп-салдарын анықтауды" сұраған.

5 қазанда полиция мектепке келіп, оқушыны бөлімшеге алып кеткен. Анасы бөлімшеге бөлек жеткізілген. Полицейлер үш сағат бойы анасы мен қызынан түсініктеме алып, аватар туралы да сұраған. Полицейлер отбасының үйіне де барған.

Кәмелетке толмаған балалар ісі жөніндегі инспектор оқушының анасына оларды профилактикалық есепке тұрғызу үшін комиссияға шақыратынын хабарлаған.

"ОВД-Инфо" оқушыны полицияға жеткізуге байланысты толтырылған хаттаманы да жариялаған. Онда оқушы әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін – "орыс армиясының беделіне нұқсан келтіргені үшін" бөлімшеге жеткізілді деп жазылған. Алайда кімнің заң бұзғаны нақты жазылмаған. Заң бойынша 10 жастағы баланы әкімшілік жазаға тартуға болмайды.

"ОВД-Инфо" хабарламасында полиция мен мектеп түсініктемесі берілмеген.

1 қыркүйектен бері Ресей мектептерінде апта сайын "Маңызды әңгіме" атты сынып сағаты жүргізіліп жатыр. Мақсаты "оқушылардың бойына патриотизм мен отанға махаббатты сіңіру" деп айтылады. Сынып сағатының әдістемелік бағдарламасында бастапқыда Украинадағы соғыспен байланысты мысалдар да болған.

XS
SM
MD
LG