Accessibility links

Путин жарылыстан соң Қырым көпірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ФСБ-ға жүктеді


Жарылыстан соң өртеніп жатқан Қырым көпіріндегі пойыздар. 8 қазан 2022 жыл.
Жарылыстан соң өртеніп жатқан Қырым көпіріндегі пойыздар. 8 қазан 2022 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин жарылыстан соң Қырым көпірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ФСБ-ға тапсырды. 8 қазанда Путин қол қойған жарлық Қырым көпірінің қауіпсіздігін күшейтуді және "Керчь түбегі арқылы көлік өткелін қорғау шараларын ұйымдастыруды" ФСБ-ға (совет кезінде КГБ деп аталған) тапсыруды қарастырады.

8 қазанда Қырым көпірі жарылып, түбекті Ресеймен жалғап тұрған негізгі жолдың бір бөлігі қираған. Жарылыстың артында кім тұрғаны белгісіз.

Украина президентінің аға көмекшісі Михаил Подоляк бастапқыда бұл Мәскеу басқыншылығына қарсы бағытталған Киевтің соққысы болуы мүмкін деп болжаған. "Кез келген заңсыз нәрсе жойылуы тиіс, кез келген ұрланған нәрсе Украинаға қайтарылуы керек, Ресей жаулап алған кез келген нәрсе алшақтатылуы қажет" деп жазды Подоляк сенбі күні Твиттерде ағылшын тілінде.

Алайда Киев Подоляктің айтқандарын "қайтып алған тәрізді". Украина президент әкімшілігі кейін Подоляк атынан мәлімдеме таратып, жарылыстың артында кім тұрғаны туралы сұраққа жауапты Ресей жағынан іздеу керектігін айтты.

"Жарылған жүк көлігі көпірге Ресей жағынан кірді. Сол себепті жауапты да Ресейден іздеу керек" деп жазылған мәлімдемеде.

Сенбі күнгі мәлімдемесінде Украина басшысы Владимир Зеленский оқиғаға тоқталған жоқ, алайда сөз арасында "бүгін ел аумағында күн жарқырап тұр, алайда Қырымға бұлт үйірілді" деді.

Қырым көпіріндегі жарылыстан кемінде үш адам қаза болған.

Ресей жаулап алған Қырым түбегінің билігі 8 қазанда Қырым көпіріндегі жолдың бір жолағы ашылғанын, көліктер кезек-кезек өтіп жатқанын хабарлады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG