Accessibility links

Жапаров ҰҚМК басшысының парламентке екі жәшік қарумен келуінің себебін түсіндірді


Қырғызстан ҰҚМК төрағасы Қамшыбек Ташиев.
Қырғызстан ҰҚМК төрағасы Қамшыбек Ташиев.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров мемлекеттік "Кабар" ақпарат агенттігіне берген сұхбатында ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті (ҰҚМК) басшысы Қамшыбек Ташиевтің парламентке екі жәшік қару көтеріп келуінің себебін түсіндірді.

Журналист Жапаровтан "Ташиев парламентке не себепті қару-жарақ әкелді?" және "бұл Ташиев пен парламент спикері Талант Мамытовтың дауласуына себеп болды ма?" деп сұрады.

"Депутаттар оны парламентке Баткен оқиғасы аяқталғанға дейін ақпарат алу үшін шақырған. Әскери қызметкерлерге қару жетіспейтіні, Ташиевке қарасты барлау қызметі дұрыс жұмыс істемейтіні айтылды. Бәлкім, ол [Ташиев] автоматтар барын көрсету үшін әкелген болар. Әрине, қаруды парламентте бермеуі керек еді, [оның орнына] депутаттарды Баткен облысына апаруы тиіс еді. Нақты жағдайда кішігірім қателікке ұрынды. Алайда оның сол кездегі күйін дұрыс түсіну керек. Ол қанды оқиға орнынан ұшып келіп, эмоцияға жол берді" деді президент.

Мемлекет басшысы мен Ташиев арасындағы қарым-қатынас туралы сұраққа жауап берген Жапаров өзінің "ешқашан дауласпағанын және билікті бөліске түсірмейтінін" айтты. Жапаров ҰҚМК басшысы "президенттің кез келген бұйрығын мүлтіксіз орындайтынын", Ташиевтің билікте өзі қанша қалса, сонша болатынын айтты.

Баткен облысында Қырғызстан мен Тәжікстан әскері арасындағы қақтығыстан кейін Жогорку кеңес депутаттары 22 қыркүйекте жабық есік жағдайында оқиғаны талқылаған. Нәтижесінде Баткен облысына барып, халықпен кездесу өткізетін болып шешілген. Бір аптадан соң 28 қыркүйекте "Бүтін Қырғызстан" фракциясының жетекшісі Адахан Мадумаров жабық жиынға ҰҚМК басшысының "екі жәшік қару әкелгенін" мәлімдеген. Тағы бір депутат Ысқақ Масалиевтің айтуынша, "депутаттар қол қойып, қаруды ұстап та көрген". Сол күні әлеуметтік желілерде депутат Жүсіпбек Қорғанбайұлының Жогорку кеңес ғимаратының алдында автоматпен тұрғаны жайлы сурет те тараған. Кейін ол журналистерге оның "жасанды зат" екенін айтқан.

5 қазанда Талант Мамытов "парламентте жуырдағы оқиғаға" байланысты Жогорку кеңеш спикері өкілетінен өз еркімен бас тартқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG