Accessibility links

Азаттық екі бірдей журналистік жүлде алды


NewReporter сыншылары Азаттық тілшісі Сәния Тойкеннің жұмысын үздік деп тапты.
NewReporter сыншылары Азаттық тілшісі Сәния Тойкеннің жұмысын үздік деп тапты.

Азаттық тілшісі Сәния Тойкеннің Қостанай облысындағы өрттен дайындаған репортажы Internews-тің NewReporter ("Жаңа репортер") жобасы сыншыларының ұйғарымымен үздік деп танылды. Бұған қоса Азаттық "Qantar – Қазақстандағы Қаңтар оқиғаларын ең жақсы көрсеткені үшін" деген номинация бойынша үздік деп танылды.

Дипломдар 10 қазанда Алматыда, Орталық Азия ақпарат құралдары өкілдерінің басын қосатын MediaCAMP Fest фестивалінде табысталды. Фестивальде Сәния Тойкен журналистің оқиға ортасынан хабар таратуы, бұл жұмыстың тілші психологиясына жағымсыз әсері тақырыбына баяндама жасады. Бұған қоса ол кәсібіне байланысты Қазақстанда әр кезде қаза тапқан журналистерді еске салды. Азаттықтың Алматы бюросының жетекшісі Қасым Аманжол Қаңтар оқиғасы кезінде журналистер өміріне қауіп төнгеніне қарамастан жұмысты жалғастырғанын айтты.

Азаттық тілшісі Сәния Тойкен 2017 жылы ақпарат құралдарындағы әйелдер қорының (IWMF) "Журналистикадағы ерлік" номинациясын алған. Ол – бұл жүлдені Қазақстаннан жеңіп алған алғашқы және жалғыз журналист.

Қыркүйектің басында Қостанай облысында болған өрт ондаған гектер орманды жалмап, Әулиекөл ауданындағы бірнеше ауылға зардабын тигізген. Екі мыңға жуық адам үйсіз қалып, бір адам көз жұмды және бір адам із-түзсіз жоғалды. Азаттық бұл тақырыпқа түрлі материал жариялады.

MediaCAMP және «NewRepoter» сайты — АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қаржылай қолдауымен құрылған Internews коммерциялық емес ұйымының жобалары. Он жылдан бері жарық көретін «Жаңа репортер» сайты медиасауат жөнінде материалдар жариялап, жергілікті ақпарат құралдарына шолу жасайды. Медиасыншылар алғашқы жүлделерін былтыр тапсырған. Ұйымдастырушылар бұл жүлденің мақсаты – кәсіби журналистиканы дамыту деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG