Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Астанада өтетін халықаралық іс-шараға қатысып, Ресей президенті Владимир Путинмен кездеседі. Бұл жөнінде Қырғызстан президентінің әкімшілігі хабарлады.
Садыр Жапаров 13 қазанда Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің 6-саммитіне, 14 қазанда ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына, содан соң Орталық Азия - Ресей форматындағы саммитке қатысады.
Бұған дейін Ресей БАҚ-тары Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковқа сілтеп, Садыр Жапаров пен Владимир Путиннің Астанада кездесетінін, екі жақты ынтымақтастық мәселелерін талқылайтынын хабарлаған.
Садыр Жапаров 7 қазанда Санкт-Петербургте өткен ТМД мемлекеттері басшыларының бейресми саммитіне бармай, Қырғызстанның мемлекеттік хатшысы Суйунбек Қасмамбетовті жіберген.
Ресей ақпарат құралдарының кейбір мәліметіне қарағанда, ТМД елдері басшыларының бейресми кездесуіне Ресей мен Тәжікстан президенттерінің 70-ке толғаны себеп болған.
Бұған дейін Қырғызстан өз жерінде ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының жаттығуын өткізуден бас тартқан. ҰҚШҰ бітімгерлік күштерінің "Бұзылмас бауырластық - 2022" жаттығуы Қырғызстан аумағында биыл қазанда өтуі тиіс еді.
14-17 қыркүйекте Қырғызстан және Тәжікстан арасында ірі қақтығыс болып, қырғыз билігі ҰҚШҰ-ны Тәжікстанмен шекарадағы жағдайды реттеу үшін белсене атсалысуға шақырған болатын.
ПІКІРЛЕР