Accessibility links

Қазақстан солтүстікке көш бағдарламасын қайта қарауды көздеп отыр


Қазақстанның оңтүстігінен солтүстігіне көш. Көрнекі сурет
Қазақстанның оңтүстігінен солтүстігіне көш. Көрнекі сурет

Қазақстан билігі "еңбек күші көп" өңірлерден "еңбек күші тапшы" өңірлерге халықты көшіру бағдарламасын қайта қарауды көздеп отыр.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне қарағанда, бүгінде көш жоспары 71 пайызға орындалған.

"Суық түсуіне байланысты оңтүстіктен көшкісі келетіндер азая түседі, соған байланысты квотаның орындалмай қалу қаупі бар. Қазіргі уақытта Павлодар облысында 1 мың, Солтүстік Қазақстан облысында 500, Қостанай облысына 362 адам квотасы орындалмай тұр", - деді еңбек министрі Тамара Дүйсенова.

Еңбек министрлігі көшкен отбасылардың еңбекке жарамды мүшелері жұмыспен жеткілікті қамтамасыз етілмеген деп санайды. Ведомство мәліметіне қарағанда, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында көшіп келген еңбекке жарамды адамдар 58,5 пайыздан 67 пайызға дейін ғана жұмыспен қамтылған. Жұмысқа орналасқан 54,4 пайызы ғана зейнетақы қорына жарна аударады.

Министр сөзінше, жаңа ереже бойынша, мұнан кейін азаматтар жұмыс орыны бар аймақтарға ғана көшіріледі. Көшіп келушілерді қабылдайтын аймақтардың әкімдіктеріне көшті ынталандыратын жол картасын жасау тапсырылған.

Қазақстанда 2017 жылдан бері оңтүстіктен солтүстікке көш бағдарламасы жұмыс істеп, мыңдаған адам қоныс аударған. Алайда жергілікті БАҚ-тардың жазуынша, көшіп келушілер кейінгі жылдары азая бастаған. Оған тұрғын үй тапшылығы, жергілікті инфрақұрылымның дамымағаны себеп болуы мүмкін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG