Accessibility links

Ресейде оқу орталығында мобилизацияланған азамат "есірткіден" көз жұмды


Ресейдің Орал өлкесінде мобилизацияланған солдаттарды Украинадағы соғысқа дайындайтын Елан оқу орталығында бір адам қаза болды. Ресми түрде өліміне – "шамадан көп есірткі пайдалану" себеп болды деп айтылады. Бұл жөнінде мемлекеттік дума депутаты Максим Ивановқа сүйенген мемлекеттік ТАСС агенттігі хабарлады.

Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, қаза болған жауынгердің аты-жөні – Максим Родионов. 27 жастағы солдат Челябинск облысының Снежинск қаласынан келген. Орталықта есірткінің қалай пайда болғаны және шақырылған солдаттың қандай есірткі пайдаланғаны айтылмайды.

Бұл Елан оқу орталығының өзінде ғана тіркелген төртінші өлім. Бұған дейін мобилизацияланған үш солдаттың өліміне "жүрек ауруы", "бауыр цирррозы", "суицид" себеп болды деп айтылған.

21 қыркүйекте Владимир Путин Украинадағы соғысты жалғастыру үшін "ішінара мобилизация" жариялаған. Қорғаныс министрі Сергей Шойгу "ішінара мобилизация барысында 300 мың резервист шақырылатынын" мәлімдеген. Бірқатар дереккөз билік миллионға жуық адамды соғысқа жіберуді көздеп отырғанын хабарлаған.

Құқық қорғаушылар билік мобилизация барысында шақыру ережелерін бұзғанын, мобилизацияланғандарды тіпті медициналық тексеруден өткізбей әкетіп жатқанын хабарлаған. Ақпарат құралдары 21 қыркүйектен бері Ресейде мобилизация пункттері мен оқу орталықтарында Украинадағы соғысқа жіберілмеген кемінде 20 жауынгердің қаза болғанын жазды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG