Accessibility links

Кезектен тыс президент сайлауы: ОСК Әлтаевты үміткер ретінде тіркеуді тоқтатты. Саясаткер заң бұзылғанын мәлімдеді


Мәжілістің бұрынғы депутаты Нұржан Әлтаев "Ел тірегі" партиясын тіркеуді талап еткен митингіде сөйлеп тұр.
Мәжілістің бұрынғы депутаты Нұржан Әлтаев "Ел тірегі" партиясын тіркеуді талап еткен митингіде сөйлеп тұр.

Орталық сайлау комиссиясы "Мұқалмас" кандидаты Нұржан Әлтаевты үміткер ретінде тіркеуді тоқтатқаннан кейін саясаткер "Конституцияның өрескел бұзылғанын" мәлімдеді.

12 қазанда кешке ОСК отырыста "президенттікке үміткер Нұржан Бауыржанұлы Әлтаевтың сәйкестігін анықтау мәселесі қаралғанын", оны тіркеу тоқтатылғанын хабарлады.

"2022 жылғы 11 қазанда Қазақстан Республикасының орталық сайлау комиссиясына Астана қаласы Байқоңыр ауданы сотының "Мұқалмас" республикалық бірлестігінің жалпы жиналысының ҚР президенттігіне кандидат ұсыну туралы 2022 жылғы 6 қазандағы № 19 хаттамасының қолданылуын тоқтата тұру туралы ұйғарымын дереу орындау талабы келіп түсті. Соттың шығарған шешімі негізінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Конституциясының 76-бабының 3-тармағына сәйкес кандидат Әлтаев Нұржан Бауыржанұлының Орталық сайлау комиссиясымен сәйкестігін белгілеу тоқтатылды" деп жазылған ОСК хабарламасында.

"Нұр Отанның" бұрынғы мүшесі, экс-депутат Нұржан Әлтаев президенттікке үміткер ретінде құжаттарын 7 қазанда өткізген. Ол кезектен тыс президент сайлауына "Мұқалмас" республикалық қоғамдық бірлестігі атынан түсетінін мәлімдеген. Бірақ сол күні ОСК "Мұқалмастың" бірқатар бөлімшелерінің жетекшілерінен арыз түскенін, олардың Әлтаевты ұсынуға келісім бермегенін, жоғарғы орган хаттамасының "бұрмаланғанын" жеткізген.

12 қазанда кешке ОСК хабарламасынан кейін Әлтаев өзін ұсынған бірінші күннен бастап билік тарабынан кедергілерге ұшырағанын мәлімдеп, "халық арасынан шыққан оппозиция өклідерін" қудалауды тоқтатуға үндеген.

Қазақстанның оңтүстік өңірінен шыққан 43 жастағы Нұржан Әлтаев мемлекеттік қызметте істеген, парламенттің төменгі палатасының депутаты болған. 2017 жылы ауыл шаруашылығы вице-министрі болды. 2018 жылы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі қызметін атқарды. Бір жылдан соң мәжіліске биліктің "Нұр Отан" партиясы атынан депутат болып сайланған. 2020 жылдың соңында Әлтаев "партия беделіне нұқсан келтірді" деген себеппен "Нұр Отаннан" шығарылып, мандатынан айырылды. Ол "Нұр Отанда" жүріп, жаңа партия құратынын мәлімдеген.

Әлтаев "Ел тірегі" партиясын тіркеуге тырысқанмен тіркете алмады. Оның айтуынша, әділет министрлігі құжаттарда қате барын айтып, өтініштерін оқтын-оқтын кері қайтарған.

Сәрсенбі күні орталық сайлау комиссиясы Қасым-Жомарт Тоқаевты президенттікке ретінде кандидат ретінде тіркегенін хабарлады. Кандидаттарды ұсыну 11 қазанда аяқталған. ОСК президенттікке үміткер ретінде 12 адамның құжат тапсырғанын айтты.

XS
SM
MD
LG