Accessibility links

Астанада Азиядағы өзара ықпалдастық саммиті басталды, қалада қауіпсіздік күшейді. Ердоған мен Путин келіссөз жүргізеді


13 қазанда Астанада құрамына 27 мемлекет кіретін Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі саммит басталды. Саммитке қатысу үшін Астанаға Ресей президенті Владимир Путин ұшып келді. Ресей ақпарат құралдарының жазуынша, Астанада ол бірден үш саммитке қатысады.

Бір күн бұрын Астанаға Түркия басшысы Режеп Тайып Ердоған келген. Ердоған мен Путин 13 қазанда кездесіп, Украинадағы соғыс мәселесін талқылайды.

Кремльдің жазуынша, Түркия басшысы Путинмен кездесу кезінде Ресей мен Украина арасында ара ағайын болуды ресми түрде ұсынуы мүмкін. Анкара Ресей мен Батыс арасында ара ағайын болу ниетін ашық білдірген. Алайда бір мезетте Украинаға қару-жарақ жеткізіп, Мәскеуге қарсы жаппай санкцияларға қосылмаған. Анкарадағы дипломатиялық дереккөзге сүйенген Ресейдің мемлекеттік "РИА Новости" агенттігінің жазуынша, Ердоған мен Путин Астанада "азық-түлік келісімі" мен энергетика саласындағы әріптестікті талқылауы мүмкін. Екі ел басшысы өткен айда Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммиті алаңында кездескен.

Бұл Ресей Украинаға басып кіргелі Путиннің Қазақстанға алғаш рет келуі. Путин сапары қарсаңында Қазақстанда белсенділер "Украинаға жоқ жерден соғыс ашып, Украина қалаларын бомбалап, бейбіт халықты қырған" Ресей басшысының сапарына қарсылық білдірген.

Видео: Путиннің Қазақстанға келуіне қарсылар ұсталды (12 қазан 2022 жыл).

Путиннің Қазақстанға келуіне қарсылар ұсталды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:57 0:00

Ақорданың жазуынша, Азиядағы өзара ықпалдастық саммитіне төрағалық еткен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада саммиттің ашылуы кезінде сөйлеген. Президенттің сөзінен үзінді келтірген баспасөз қызметі Тоқаев "біздің алдымызда тұрған ерекше маңызды міндет – туындаған зор қауіп-қатерлер жағдайында халықаралық қатынастардағы тұрақтылыққа қол жеткізу" екенін атап өтті деп жазды. "Көпжақты механизмдерге тың серпін беру және ашық диалогқа оралу аса маңызды" деді Тоқаев.

14 қазанда Астанада ТМД елдері басшыларының саммиті де өтеді. Жұма күні сонымен бірге Астанада "Орталық Азия – Ресей" саммиті де болмақ.

Бейсенбі күні таңертең ресми БАҚ Тоқаевтың Қытай басшысының төрағасы Ван Цишанмен кездескенін хабарлаған. Олар өткен айда Қытай басшысы Си Цзиньпиннің Астанаға мемлекеттік сапары кезінде қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыру мәселесін талқылаған.

Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, Астанада ірі ресми шаралар өтіп жатқан кезде қалада қауіпсіздік күшейген. Қазақстан ІІМ "астанада ірі халықаралық шаралардың өтуіне байланысты" полиция күшейтілген қауіпсіздік режиміне көшірілгенін хабарлады. 10 қазаннан бастап қалаға кіреберісте құжаттар мен көліктерді тексеріп кіргізетіні хабарланған. Астана қалалық полиция департаменті тұрғындарға жеке көліктерін пайдаланбауға және баратын жерлерін алдын ала жоспарлап алуға үндеген. 13-14 қазанда Астанадағы оқушылар қашықтан оқиды.

XS
SM
MD
LG