14 қазанда Ақтөбеде Қаңтар оқиғасына байланысты айыпталған 18 адамға айыптау актісі оқылды. Оларға "Жаппай тәртіпсіздік", "Билік өкіліне күш көрсету", "Қару-жарақ ұрлау" баптары бойынша айып тағылған.
Айыпталушылардың үшеуі: Ернұр Әжниязов, Нұрсұлтан Исаев пен Нұрбек Мұхит сот залына тергеу изоляторынан жеткізілді. Қалғаны: Қуат Шамұратов, Бекжан Аманғосов, Еркебұлан Құттыбаев, Рүстем Ахметов, Дархан Қами, Дархан Әбиев, Берік Құспанов, Нұркен Өмірәлі, Абылайхан Бекеев, Қайрат Баймұратов, Жәдігер Ысқақов, Әмірбек Дәукен, Арнольд Сәдуақасов, Асланбек Омаров, Жанна Есмұрзаеваға қамаудан бөлек бұлтартпас шарасы қолданылған.
Жұма күні "жаппай тәртіпсіздік" (272-баптың 1-бөлімі) бойынша айыпталған Ернұр Әжниязовтың айыптау актісі оқылды. Тергеу мәліметінше, Ернұр Әжниязов 2022 жылғы 4 қаңтар күні ақтөбелік газель жүргізушілерінің басын қосып, оның соңы Қаңтар оқиғасына ұласқан. Жүз шақты жүргізуші алдымен Ақтөбенің 312 атқыштар дивизиясы даңғылына жиналып, кейін теміржолдың екінші жағына өткен. Есет батыр көшесі мен Әбілқайырхан даңғылының бойындағы полиция қоршауын бұзып, полицияның заңды талабына бағынбаған. Жаяулатып облыс әкімдігіне жетіп, өзге демонстранттарға қосылған. Мемлекеттік айыптаушы Әсел Таңалиева айыпталушы Әжниязовтың "2021 жылы 30 мамырда Самара-Шымкент тас жолы бойында ақылы жолға қарсылық білдірушілердің митингісін де ұйымдастырғанын" айтып өтті.
Айыпталушы Ернұр Әжниязов өзіне тағылған айыпты мойындап отырған жоқ. Ол арасында сегіз ай өтіп кеткен екі митингінің қандай байланысы барын түсіне алмай дал болды.
- Мен жеті жылдан бері газель жүргіземін. Бастапқыда 18 теңге болған автогаз бағасы жеті жылда 120 теңгеге жетті. Бұл не масқара?! Қымбатшылыққа жалғыз мен емес, жұрттың бәрі наразы. Алаңға да сол себепті шықтық. Сонда жанайқайын айтқан адамның бәрін қамап тастау керек пе? – дейді тоғыз айдан бері тергеу изоляторында отырған Ернұр Әжниязов.
Әжниязов қана емес, айыпталушылардың басым көпшілігі тағылған айыппен келіспейді. Ішінара мойындап отырғандар да бар. Сотталушылар қымбатшылыққа наразы болып, бейбіт митингіге барғанын айтады.
Айыпталушылар арасындағы жалғыз әйел ақтөбелік нотариус Жанна Есмұрзаеваға да тергеу орындары "жаппай тәртіпсіздік" (272-баптың 3-бөлімі) бойынша айып тағып отыр. Тергеу материалдарына қарағанда, Жанна Есмұрзаева "4-6 қаңтар аралығында алаңда жүріп, демонстранттардың азық-түлігі, басқа да керек-жарағына деп Каспи голд картасына ақша жинаған. Есмұрзаеваның картасына 1005 тұрғыннан 1 млн 364 мың теңге түскен".
"Жаппай тәртіпсіздікке қатысушылар" Дархан Әбиев, Еркебұлан Құттыбаев пен Қайрат Баймұратовтан тергеу алаңға КамАЗ көлігімен қиыршық тас әкеліп төкті деп күдіктеніп отыр. Тергеу материалдарында бұл азаматтардың екі КамАЗ тасты 12 мың теңгеге сатып алғаны, әкімдіктің алдына әкеп төгіп, күштік құрылым қызметкерлеріне қарсы қолданғаны айтылады. Сотталушылар Нұркен Өмірәлі мен Жәдігер Ысқақовтан тергеу "Молотов коктейлін қолданды" деп күдіктенеді.
Мемлекеттік айыптаушы Әсел Таңалиевтың сөзіне қарағанда, демонстранттар әкімдік ғимаратын талқандап, өрт сөндіруші көлікті қиратып, жалпы сомасы 148 млн 431 мың теңге шығын келтірген. Қаңтар оқиғасы кезінде күштік құрылымдардың 33 қызметкері түрлі жарақат алған.
Жұма күні Қаңтар оқиғасына қатысушылардың ісі бойынша айыптау актісі оқылып болды. Сот 19 қазанда жалғасады.
Ресми мәлімет бойынша, Ақтөбеде Қаңтар оқиғасына байланысты қозғалған 21 қылмыстық іс сотқа жеткен. Шілде айында Ақтөбе соты Қаңтар оқиғасы кезінде "Ақтөбе әуежайын басып алмақ болды" деп айыпталған үш адамның бас бостандығын үш жарым жылға шектеген.
ПІКІРЛЕР