Accessibility links

Рахмон Астанадағы жиында Путинді Орталық Азия елдерін құрметтеуге шақырды


Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Астанадағы Орталық Азия — Ресей" саммитінде.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Астанадағы Орталық Азия — Ресей" саммитінде.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Астанада өткен "Орталық Азия — Ресей" саммитінде Ресей басшысы Владимир Путинді Орталық Азия елдерін құрметтеуге шақырды. Рахмон Путинге қарата Душанбе Мәскеудің мүдделеріне құрметпен қарайтынын, бірақ Мәскеу тарапынан ондайды байқамайтынын айтты.

"Қай жерде нені дұрыс жасамадық? Қай жерде кіммен дұрыс амандаспай қалдық? Дұрыс амандастық және ештеңені бұзған жоқпыз. Біз басты стратегиялық серіктесіміздің мүдделеріне ылғи құрметпен қарап келеміз, бірақ бізді де құрметтегенін қалаймыз" деді Рахмон

"Орталық Азия — Ресей" саммитінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "төрағалық құқығын пайдаланып" Рахмонды тоқтатпақ болған, бірақ Тәжікстан президенті "біз мұнда талқылау үшін жиналып отырмыз" деп сөзін жалғастырды.

Рахмон Путиннен Орталық Азия елдеріне "бұрынғы Совет одағындай саясат ұстанбауды" сұрады.

"Әр елдің өз мәселесі, өз сұрақтары, өз салт-дәстүрі бар. Ортасын тауып, әр елмен жеке жұмыс істеу керек" деді Тәжікстан президенті.

"Орталық Азия — Ресей" саммитінен бір күн бұрын Астанада Путин Рахмон және Қырғызстан президенті Садыр Жапаровпен кездескен. Қыркүйекте қырғыз-тәжік шекарасындағы қантөгістен кейін өткен кездесуде Рахмон мен Жапаров қол алыспады. Үш жақты кездесуде шекара мәселесі талқыланатыны айтылған. Жиыннан соң Бішкек пен Душанбе шекарадағы мәселені бейбіт жолмен шешу жөніндегі қысқа хабарламамен шектелді.

14-17 қыркүйекте қырғыз-тәжік шекарасындағы қақтығысқа екі тарап бір-бірін айыптаған. Екі жақтан да адам шығыны болды.

Тәжікстанда да, Қырғызстанда да Ресейдің әскери базасы орналасқан. Екі елдің де экономикасы Ресейде жұмыс істейтін еңбек мигранттарының табысына тәуелді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG