Accessibility links

Қарағандыда белсенділер шахтер-мүгедектерді құқықтары үшін күресуге шақырды


 "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы көмір департаментінің ғимараты алдында тұрған белсенділер. Қарағанды, 14 қазан 2022 жыл.
"АрселорМиттал Теміртау" компаниясы көмір департаментінің ғимараты алдында тұрған белсенділер. Қарағанды, 14 қазан 2022 жыл.

"АрселорМиттал Теміртау" (АМТ) компаниясының шахталарында жарақат алған ондаған бұрынғы шахтер 14 қазанда Қарағандыда жиналып, қоғам назарын шахтер-регрессниктердің жағдайына аудартуға тырысты. Олар бұрынғы шахтерларды құқықтары үшін күресуге, шахтер-мүгедектердің өмір сапасын жақсартуға қол жеткізу үшін бірігіп күш салуға үндеді.

Жиналғандар жуырда президент Қасым- Жомарт Тоқаев Қарағандыға барған кезде регрессниктердің мәселесіне жанама түрде тоқталып, өндірісте жарақат алған мүгедектердің өмірін жақсарту үшін шара қолданатынын айтқанын еске салып, үміт білдірді. Бұрынғы шахтерлар жуырда Тоқаевқа мәлімдеме жолдағаннан кейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен жауап алғанын хабарлады.

Шахтер-мүгедектердің бастама тобының жиыны әуелі АМТ көмір департаментінің ғимараты алдында өтті. Журналистер кейбірінен сұхбат жазып алды. Сәлден соң оқиға орнына Қарағанды әкімдігінің қызметкерлері келді. Олар топты концерт залына қатар тұрған орынға шақырды.

Шахтер-мүгедектердің бастама тобының жиыны. Қарағанды, 14 қазан 2022 жыл.
Шахтер-мүгедектердің бастама тобының жиыны. Қарағанды, 14 қазан 2022 жыл.

—Біз көп адам келеді деп күткен едік. Бірақ Қарағандыда көбі үнсіз қалды. Бізді, мүгедектерді, мүлде төмендетіп жібергені жан ауыртады. Естеріңізде ме, 2011 жылы жиналып, Астанаға автобуспен барған едік. Ол кезде қолымыздан келді. Егер компания өз әрекетіне жауап беріп, бізге ойдағыдай жағдай жасасын десек, бізді қолдауларыңыз керек, – деді жиналғандарға бұрынғы шахтер-мүгедек, бастама тобының мүшесі Сергей Бажанов.

Жиналыс кезінде белсенділер жергілікті биліктің жауабын оқыды. Онда Қарағанды облысы әкімдігі регрессниктердің өтемақысын көбейту үшін кейбір заңнама актісіне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы ұсынысты жоғары жаққа жібергенін жазған. Белсенділер бұл ұсыныстар қағаз жүзінде қалмайтын шығар деп үміт білдірді. Кейбір шахтерлар жиналыста өтемақыларының қысқарып қалғанын, сот арқылы дауласуға тырысқанмен нәтижесіз аяқталғанын айтты.

Бұған дейін конституциялық құқықтарының бұзылғанын мәлімдеген регрессниктер президентті өндіріс мүгедектерінің мәселелеріне назар аударып, шешіп беруге үндеген. Олар президент әкімшілігіне қайырылып, регрессниктерге төленетін өтемақы көлемін арттыруды, шахтер-мүгедектер зейнетке шыққаннан кейін де өтемақы төлей беру туралы пунктіні заңға қайтаруды талап еткен. Алайда президенттен тікелей жауап түспеген.

5 қазанда елде кезектен тыс президент сайлауы жарияланған шақта Тоқаев шахтерлар аймағына барған. "Аймақ халқымен" кездесу кезінде ол шахтер-регрессниктердің өзіне жолдаған үндеуі туралы айтқан жоқ. Тек 7 320 "шахтер-регрессник" ұзақ уақыттан бері регрессниктер мен зейнетақы төлемдерін арттыру туралы азаматтық кодекске өзгерту енгізу қажеттігін айтып келеді деді. "Адамдардың талап-тілектерін жақсы түсінемін. Бұл оңай шаруа емес" деді Тоқаев.

Тау-металлургия аймағы саналатын Қарағанды және Ұлытау облыстарында бірнеше шахтер-мүгедек топтары бар. Өндірісте жарақат алып, мүгедек болып қалған азаматтар зейнетке шыққаннан кейін де өтемақы төленуін, шахтерлардың жалақысы көбейген кезде де өтемақы көлемін арттыруды талап етіп келеді.

XS
SM
MD
LG