Accessibility links

Вашингтон: Ресейдің әскери өнеркәсіпте қолданатын микроэлектроникасы таусылды


Ресей әскери өнеркәсіп кешені Украинадағы "операцияға" өте қажет жабдықтарды әупіріммен өндіріп жатыр. Себеп – Ресейді микроэлектроника көзінен ажыратқан халықаралық санкция. Бұл жөнінде АҚШ қаржы министрінің орынбасары Уолли Адейемо мәлімдеді, деп жазды "Неміс толқыны" .

"Ресейдің әскери өнеркәсібі үшін шешуші рөл атқаратын микроэлектроникасы таусыла бастады. Ресей шенеуніктері шетел компоненттерінің жетіспей жатқанына алаңдаулы" деді Адейомо.

Америка шенеунігінің айтуынша, сол себепті екі ірі ресейлік микроэлектроника өндіруші уақытша өндірісін тоқтатқан. Компания аттары айтылмайды.

Соғыс басталғалы бері Ресей армиясы 6 мың әскери техникасынан айырылған, оқ-дәрілер тез таусылып жатыр. Бұл жөнінде Ақ үйдің құпия баяндамасымен танысқан New York Times басылымы жазды. Құжатта сонымен бірге Ресейдің техника мен жабдықтар тапшылығын мамырдан бастап сезе бастағаны айтылған. Өзге мемлекеттердің қорғаныс тапсырыстарын орындау мәселесі сол кезде туындаған.

Мәселе күрделі комплектация ғана емес, мойынтірек тәрізді қарапайым тетіктер жөнінде де болып отыр. Сол себепті танкілер, ұшақтар мен өзге де техника түрлерін жөндеу қиындаған.

Ресейдің оқ-дәрі тапшылығын сезініп жатқанын бұған дейін Ұлыбритания барлау қызметі де хабарлаған. Британ GCHQ арнайы қызметінің жетекшісі Джереми Флеминг BBC эфирі кезінде Ресей армиясында ресурс сарқылғанын, сол себепті соғысқа тұтқындар мен әскери тәжірибесі жоқ адамдарды да мобилизациялап жатқанын айтқан.

XS
SM
MD
LG