Accessibility links

Белгород облысында еріктілерді соғысқа дайындайтын полигонда атыс болып, кемінде 11 адам қаза болды


Ресей қорғаныс министрлігі өздерін ТМД елдерінің азаматымыз деп таныстырған екі адамның Белгород облысында әскери полигонда адамдарға оқ атқанын хабарлады. Нәтижесінде 15 адам жараланып, 11 адам қаза болған. Қорғаныс министрлігі оқиғаны теракт деп атады.

Ведомство мәліметінше, атыс еріктілерді соғысқа дайындап жатқан кезде болған. Шабуылдаушы екі адам атып өлтірілген.

Көп адам өлген атыс туралы ақпаратты бірінші болып "База" басылымы хабарлады. SOTA-ның жазуынша, атыс Солоти ауылындағы полигонда болған. Онда Украинадағы соғысқа барудан бас тартқан Брянск облысынан мобилизацияланған жүзден астам адам тұрып жатқан лагерь болған. Mash мәліметінше, атыстың салдарынан Брянск облысынан келген еріктілер де опат болған.

"Базаның" жазуынша, атыс 15 қазанда таңертеңгі сағат ондар шамасында болған. Алайда оқиға жөнінде тек кешке қарай айтыла бастады. Зардап шеккендер жақын маңдағы аудандық ауруханаға жеткізілген. Кемінде екі адам аяғынан жараланған, тағы бір адамның кеудесіне оқ тиген.

SOTA дереккөзінің айтуынша, атыстың салдарынан 22 адам қаза болған, 16 адам жараланған. Үш адам шабуылдаған, біреуі жасырынып үлгерген. Дереккөз оқиға кезінде полигонда болған.

Күйеуі Белгород облысындағы полигонда жүрген Петербург тұрғыны да Север.Реалии жобасы тілшілеріне шабуылдаушылардың үшеу болғанын, біреуінің қашып кеткенін айтқан.

Шабуылға не түрткі болғаны белгісіз.

Ресейде мобилизация 21 қыркүйекте жарияланған. Бұған дейін оннан астам мобилизацияланған азаматтың полигондарда қаза болғаны хабарланған. Алайда көп адамның өліміне соқтырған атыс жөнінде хабар мобилизация басталғалы бері алғаш рет хабарланып отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG