Пекинде бес жылда бір рет өтетін коммунистік партияның съезі болды. Жиынды ашқан Қытай басшысы Си Цзиньпин тез арада әлем деңгейінде қарулы күш жасақтауға шақырды.
"Әскери теория, әскери қызметкерлер дайындығы мен қаруды модернизациялау үшін жылдам жұмыс істейміз. Стратегиялық әскери потенциалды арттырамыз" деді Қытай басшысы. Оның сөзінен Associated Press агенттігі үзінді келтіреді.
Си Цзиньпин Тайвань тәуелсіздігімен келіспейтіндігін мәлімдеген кезде отырғандар ду қол шапалақтады.
"Тайваньмен бейбіт қосылуға күш саламыз. Бірақ күш қолданудан бас тартамыз деп ешқашан уәде бере алмаймыз. Қажет шара қолдануға құқығымыз бар" деді партия төрағасы.
Си Цзиньпин Қытай білім жүйесін дамытып, шетелден сарапшыларды шақыру арқылы технологиялық "қуатқа" ие болады деді.
Съезде Си Цзиньпин үшінші мерзімге сайланып, осылайша Мао Цзедун заманынан бері ең қуатты басқарушы мәртебесіне ие болады деп айтылады.
Тяньаньмэнь алаңының батыс жағындағы Үлкен залда өткен съезге елдің түкпір-түкпірінен 2300 делегат жиналды. Пекинде қауіпсіздік күшейген.
69 жастағы Си Цзиньпиннің билікте отырғанына он жыл болды. Бұған дейін ел конституциясынан төрағалықта екі мерзімнен артық отыруға болмайды деген пункт алынып тасталған еді.