Қырғыз-тәжік жанжалы кезінде Баткен облысынан қауіпсіз аймаққа көшірілген 136 мың 770 адамның 132 мыңы үйлеріне оралған. Бұл жөнінде Қырғызстан төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеп, Азаттықтың Қырғыз редакциясы хабарлады.
Ведомствоның мәліметіне қарағанда, уақытша пункттерді әлі 292 адам паналап отыр, 4 мың 497 адам жеке үйлерге орналасқан. Баткен облысында 51 уақытша баспана тұрғызылып, 26 киіз үй, 40 шатыр тігілген.
"Баткен облысында 661 үй зақымданды, оның 21-і Баткен қаласында, 454-і Баткен ауданында, 186-сы Лейлек ауданында. 423 үй адам тұруға жарамай қалған, 238 үйді жөндеу керек", - дейді төтенше жағдайлар министрлігі.
Министрліктің хабарына қарағанда, Баткен облысына 1636 тонна гуманитарлық көмек жеткізілген, 180 тоннасы қоймада тұр.
14–17 қыркүйекте Қырғызстан мен Тәжікстан әскері арасында ірі қақтығыс болған. Қырғызстанның 63 азаматы өліп, 200-ге жуық азаматы жараланған. Тәжікстанмен шекарадағы ауылдардан 140 мыңнан астам адам үйін тастап кетуге мәжбүр болған. 18 қыркүйекте Қырғызстан сыртқы істер министрлігі Тәжікстанды "шабуыл жасады" деп айыптаған. Тәжікстан да Қырғызстанға осындай кінә артқан.
Тәжікстан сыртқы істер министрлігі шекарадағы қақтығыс кезінде 41 азаматы оққа ұшқанын хабарлаған. Азаттықтың Тәжік редакциясы - Радио Озоди өз дереккөздеріне сүйене отырып, қақтығыс кезінде қаза болған 74 азаматтың аты-жөнін жариялаған. Жанжал кезінде оққа ұшқандар туралы мәліметтерді бейтарап көздер арқылы анықтау мүмкін емес.
ПІКІРЛЕР