Accessibility links

Беларусь соты оппозиционер Автуховичті 25 жылға түрмеге қамады


Любовь Резанович пен Николай Автухович сотта отыр. Гродно, Беларусь
Любовь Резанович пен Николай Автухович сотта отыр. Гродно, Беларусь

Беларусьтің Гродно қалалық соты дүйсенбі күні оппозиционер Николай Автухович пен оның серіктері жөнінде шешімін жариялады. Қылмыстық кодекстің ондаған бабымен айыпталған 59 жастаған Автухович 25 жылға қатаң режимдегі түрмеге қамалды.

Оған "террор жасады", "билікті тартып алуға оқталды", "Отанға опасыздық жасады" деген айыптар таққан. Осы қылмыстық іске тартылған тағы да он оппозиционер екі жылдан жиырма жылға дейін бостандықтарынан айырылған.

Екі жарым жылға сотталған оппозиционер Антон Мельхер қамауда отырған мерзімі ескеріліп, сот залынан босатылған. Автуховичтің бұрын азаматтық некеде болған әйелі Ирина Горячкина алты жылға сотталған. Қалғандарын 15 жылдан 20 жылға дейін кескен.

Автухович өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын, қалған сотталушылардың да кінәсіздігін мәлімдеген.

Ауған соғысының ардагері, кәсіпкер Николай Автухович Александр Лукашенко режимімен ашық күреске шығып танылған, 2004 жылы парламент сайлауына қатысқан. Осыдан соң фирмасын бірнеше рет тексеріп, 2006 жылы "салықтан жалтарған" деген желеумен үш жарым жылға соттаған. 2008 жылы бостандыққа шыққан Автуховичті құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп санаған.

2009 жылы Автуховичті "қаруды заңсыз ұстады" деген айыппен тағы да 8,5 жылға қамаған. 2020 жылы желтоқсанда оны үшінші рет қамауға алған. Автухович қамауға алынарда және түрмеде отырғанда азапталғаны жайлы бірнеше рет мәлімдеме жасап, аштық жариялаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG