Accessibility links

Футболист Кәрім Бензема "Алтын допқа" ие болды. Роналду алғашқы ондыққа, Месси тізімге ілінбеді


Мадридтің "Реал" футбол командасының ойыншысы Кәрім Бензема аңызға айналған футболшы Зинеддин Зиданның қолынан "Алтын доп" алды. 17 қазан 2022 жыл
Мадридтің "Реал" футбол командасының ойыншысы Кәрім Бензема аңызға айналған футболшы Зинеддин Зиданның қолынан "Алтын доп" алды. 17 қазан 2022 жыл

Мадрид қаласының "Реал" футбол командасы мен Франция құрамасының шабуылшысы Кәрім Бензема 2021/2022 маусым қорытындысы бойынша "Алтын допқа" ие болды. Францияның France Football газетінің жүлдесі қазанның 17-сінен 18-іне қараған түні Парижде салтанатты түрде тапсырылды.

Бензема 1998 жылдан бері "Алтын допты" алғаш алған француз футболшысы болды. 1998 жылы "Алтын допты" Зинедин Зидан алған. Кәрім Бензема "Реал" сапында былтыр Испания чемпионы және Чемпиондар лигасының жеңімпазы болған.

Бенземамен "Реалда" бірге ойнайтын қақпашы Тибо Куртуа жылдың үздік қақпашысына берілетін Лев Яшин атындағы сыйлықпен марапатталды.

"Барселонаның" жартылай қорғаушысы Гави жылдың ең жас үздік ойыншысы ретінде танылды. Былтырға дейін "Баварияда" ойнап, биылдан бастап "Барселонаға" ауысқан шабуылшы Роберт Левандовски үздік шабуылшы атанды.

Әйелдер арасындағы "Алтын допты" "Барселонаның" жартылай қорғаушысы Алексия Путельяс қатарынан екінші рет алды. "Бавария" ойыншысы Садьо Мане қоғамдық істердегі жетістігі үшін берілетін Сократес атындағы сыйлықтың тұңғыш иегері болды.

Маусымның үздік командасы атағын Англияның "Манчестер Сити" командасы алды.

Үздік ойыншылардың үштігіне Кевин де Брюйне ("Манчестер Сити") мен Садьо Мане ("Ливерпульдегі" ойыны үшін) кірді.

Үздік он ойыншы қатарына Эрлинг Холанд ("Манчестер Сити"), Лука Модрич, Винисиус Жуниор, Тибо Куртуа (үшеуі де "Реал"), Килиан Мбаппе ("ПСЖ"), Мохамед Салах ("Ливерпуль"), Роберт Левандовски ("Бавария") қосылды.

Футбол әлеміндегі аса танымал ойыншылардың бірі, бес мәрте "Алтын доп" иегері Криштиану Роналду 20-шы орынға тоқтады. "ПСЖ" шабуылшысы, жеті мәрте "Алтын доп" иегері Лионель Месси биыл номинанттар тізіміне кірмей қалды.

Биыл "Алтын доп" алғаш рет жыл қорытындысы бойынша емес, маусымдағы ойын қорытындысы бойынша берілді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG