Accessibility links

Ейскіде қаза болғандар 15 адамға жетті, қалада қаралы күн жарияланды


Апат орнында жұмыс істеп жатқан құтқарушылар. Ейск (Ресей), 18 қазан 2022 жыл.
Апат орнында жұмыс істеп жатқан құтқарушылар. Ейск (Ресей), 18 қазан 2022 жыл.

Ресейдің Краснодар өлкесі Ейск қаласында тоғыз қабатты тұрғын үйге Су-34 әскери ұшағы құлағаннан кейін қаза болғандар 15 адамға жетті. Бұл жөнінде Краснодар өлкесі губернаторының орынбасары Анна Минькова хабарлады. Оның сөзіне қарағанда, ауруханада денесінің 80 пайызы күйіп кеткен 51 жастағы науқас көз жұмған.

Қаза болғандар арасында үш бала бар. Тағы 19 адам жараланған, төртеуі реанимацияда жатыр. Құтқарушылар оқиға орнында жұмыс істеп жатыр.

17-19 қазан аралығында Ейскіде азалы күн жарияланған. Апат орнына қала тұрғындары гүл, майшам мен ойыншықтар әкеліп жатыр. Аймақ басшысы қаза болғандардың отбасына жерлеу рәсімі бойынша көмектесетінін, бұған қоса миллион рубльден өтемақы беретінін мәлімдеді. Зардап шеккендер де материалдық көмек алады.

Қираған үйді қалпына келтіру мәселесі бойынша түпкілікті шешім қабылданған жоқ. Тұрғын үйге барлығы 675 адам тіркелген. 72 пәтер бүлінген.

17 қазанда кешке Ейск қаласында тұрғын үйлердің біріне әскери ұшақ құлаған. Тұрғын үй өртеніп, жарылыс болған. Ұшқыштар ұшақтан секіріп үлгерген.

Ресей қорғаныс министрлігі Су-34 ұшағының оқ-дәрісіз оқу-жаттығуға шыққанын мәлімдеген. Ресей тергеу комитеті апатты техникалық ақаумен байланыстырды. Кейбір әскери сарапшылар жарылыс туралы видеоларға қарап, бортта оқ-дәрі болған болуы мүмкін деп топшылайды. "Ұшу мен оған дайындық ережелерін бұзу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.

XS
SM
MD
LG