Түркістан облысы Төле би ауданында "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) мен "Көше партиясының" қызметіне араласты деп айыпталған белсенді Мұрат Байдәулетовтің сотында прокурор айыпталушының бас бостандығын бір жылға шектеуді сұрады.
Байдәулетов елде "экстремистік ұйым" деп танылған ҚДТ және "Көше партиясы" қозғалыстарының қызметіне қатысты деген күдікке ілінген. Еуропапарламент бұл ұйымдарды "оппозициялық бейбіт қозғалыс" деп атайды.
Айыптауға белсендінің Facebook парақшасындағы тікелей эфирі ілік болған. Өзінің айтуынша, Байдәулетов видеода “Қазақстанның демократиялық таңдауы” және “Көше партиясы” қозғалыстары 20 қарашада өтетін кезектен тыс президент сайлауына қатысса жақсы болар еді” деген пікір білдірген.
Байдәулетов өзіне тағылған айыппен келіспейді және қылмыстық істі саяси белсенділігімен байланыстырады.
20 қазанда өткен жарыссөзде прокурор айыпталушыны бір жылға бас бостандығын шектеуді, үш жылға дейін қоғамдық қызметпен айналысуына тыйым салуды сұраған.
Байдәулетовтің адвокаты Мейіржан Досқараев қорғауындағы азаматтың кінәсі дәлелденбегенін, айыптаудың негізсіз екенін айтады.
– Байдәулетовке қарсы жалғыз айғақ – Facebook желісіндегі екі-үш видеожазба ғана. Ол видеода елдегі саяси-экономикалық жағдайды айтқан. ҚДТ, “Көше партиясы” қозғалыстарының бағдарламасын қолдау олардың қызметіне қатысу болып саналмайды. Бұл бағдарламаларды интернеттен кез келген адам тауып, таныса алады. Байдәулетов дәл осы ұйымдарды қолда деп отырған жоқ. Парламенттік республика құруға ниетті кез келген ұйымды қолдауға шақырған, – дейді адвокат.
Айыптау тарабы Байдәулетовтің видеосына жасалған сараптама қорытындысын ұсынған. Қорғау тарабы Мырзаходжаев деген дінтанушы жүргізген сараптаманың “қолданылған әдебиеттер” тізімінде “интернеттен алынған сілтемелер” деген бөлім барын, сарапшы “бұл қандай сілтемелер?” деген сұраққа жауап бере алмағанын айтады.
Адвокат “сараптама кезінде біреудің сөзіне, интернеттен алынған пікірлерге сүйеніп, ешкімді жауапқа тартуға болмайды, заңдарға ғана сілтеме жасалуы керек” дейді.
Қорғау тарабы Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде істейтін филология ғылымдарының докторы, психолингвист Абай Қайыржановқа сараптама жасатқан. Ол “Видеода Байдәулетовтің ҚДТ және “Көше партиясына” қатысы барын көрсететін дәлел жоқ, автор өз пайымдарымен ғана бөлісіп отыр” деген қорытындыға келген.
Сот адвокат ұсынған маман пікірімен танысып, іске қосқан. Судья сот үкімін кейінге қалдырған.
Мұрат Байдәулетов елдегі қоғамдық-саяси мәселелерге ашық пікір білдіріп, бірнеше рет әкімшілік жазаға кесілген. Сот оны 2020 жылы қарашада "ҚДТ жұмысына араласты" деп бір жылға бас бостандығын шектеген еді.
Байдәулетов былтыр жергілікті белсенділермен бірге саяси тұтқындарды босатуды, саяси көзқарасы үшін қудалауды тоқтатуды, Еуропарламент қарарындағы адам құқығына қатысты талаптарды орындауды, ҚДТ мен "Көше партиясын" "экстремистік ұйым" деп таныған сот шешімін жоюды талап етіп, Шымкент қалалық әкімдігінің алдында аштық жариялаған.
ПІКІРЛЕР