Қазақстан ұлттық олимпиада комитетінің жетекшісі, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеубаласы Тимур Құлыбаев Ұлттық олимпиада комитеттері қауымдастығының (Association of National Olympic Committees) атқару комитетінің құрамына қайта сайланды. Оның кандидатурасын Азия олимпиада кеңесі ұсынған,
Ұлттық олимпиада комитеттері қауымдастығының атқару комитеті ұйымның басшылық органы болып саналады. Оған ұлттық олимпиада комитеттерінің 32 өкілі, қауымдастық президенті мен аға орынбасары, бас хатшысы, дүниежүзілік олимпиада қозғалысының белсенді өкілдері де мүше.
Тимур Құлыбаев 2015 жылдан бері континенталдық қауымдастықтың вице-президенті, халықаралық олимпиада комитетінің қоғаммен байланыс және спорт арқылы қоғамды дамыту комиссиясының мүшесі.
2022 жылы қыркүйекте Тимур Құлыбаев халықаралық олимпиада комитетінің "Олимпизм 365" комиссиясының құрамына енген. Аталған комиссия БҰҰ-ның тұрақты даму саласында қойған мақсаттарына жетуде спорттың рөлін арттыру шараларымен айналысады.
Тимур Құлыбаев сонымен бірге Қазақстан ұлттық олимпиада комитетіне де жетекшілік етеді. 2018 жылдан бері ұйым бюджеттен спортқа бөлінген қаржыны үлестіріп келген. Алайда биыл қыста спорт комитеті мен ұлттық олимпиада комитетінің келісімді бұзғаны хабарланды.
Ұлттық олимпиада комитеті Қазақстанды Олимпиада ойындарына дайындауға жауапты. Соңғы рет Пекинде өткен Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы бірде-бір медаль ала алмады.
Қаңтар оқиғасынан кейін қоғамда экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ықпалы әлсірегені айтылды. Оның айналасындағы адамдар мен туыстары қызметінен кетіріліп, кейбірі қылмыстық қудалауға ұшырады. Назарбаевтың күйеубаласы Тимур Құлыбаев "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы қызметінен кеткен.