Accessibility links

Әкімдік белсенділерге сайлау және Қаңтар оқиғасы бойынша митинг өткізуге рұқсат бермеді


Митинг өтетін орынды бақылап тұрған полиция қызметкері.
Митинг өтетін орынды бақылап тұрған полиция қызметкері.

Алматы әкімдігі азаматтық белсенді, тіркелмеген "Алға, Қазақстан" мүшесі Бибігүл Иманғалиеваға 25 қазанда қаладағы Шоқан Уәлиханов алаңында митинг өткізуге рұқсат бермеді. Өтініште митинг тақырыбы ретінде "Президент сайлауын өткізбеу. Барлық саяси партияны тіркеу. Қаңтар оқиғасын халықаралық тергеу. Саяси тұтқындарды босату" деп көрсетілген.

Алматы әкімдігі жауабында 25 қазанда Уәлиханов алаңында "мәдени-қоғамдық шаралар өтетінін" алға тартып, соған байланысты митинг өткізуге рұқсат етпеген. Оған Алматы қаласы қоғамдық даму басқармасы жетекшісі міндетін уақытша орындаушы Айдар Есенбеков қол қойған.

– Билік біздің митинг өткізу туралы бірде-бір өтінішімізді мақұлдамады. Халқы көп қалада митинг өткізуге небәрі үш-ақ орын берілген. Оны келеді де митингіден басқа шараларға береді. Неге мәдени шараларды басқа жерде өткізбейді? Ондай орындар жетеді ғой. Неге митингіге арналған жерге олар сондай шара өткізеді? – дейді белсенді Бибігүл Иманғалиева 21 қазанда Азаттыққа.

"Президент сайлауы қарсаңында, Қаңтардан кейін қоғамда митингіге сұраныс қатты артты" деген белсенді "билікке шынайы бәсеке бола алатын топтарға билік пікір айтуына рұқсат етпей, тұншықтырып отыр" дейді.

Азаттық тілшісі қоғамдық даму басқармасына хабарласқанмен әзірге жауап ала алмады.

Бибігүл Иманғалиеваның айтуынша, әкімдік тіркелмеген "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясын құру жөніндегі бастама өкілі Әсет Әбішевке де 24 қазанда сондай себеппен митинг өткізуге рұқсат етпеген. Фейсбуктағы "Белсенділер экстремистер емес" тобы бұған дейін белсенділердің Орал, Астана қалаларында митинг өткізу туралы өтініштері орындалмағанын хабарлаған еді.

2020 жылдың 30 шілдесі мен 2022 жылдың 20 қазан аралығында елдің 22 қаласы мен елді мекенінде аталған құқық қорғау тобы бейбіт жиын және жалғыз адамдық пикет өткізу бойынша 327 өтініштің орындалмағанын тіркеген. 327 өтініштің 114-і биыл қанағаттандырылмаған.

Халықаралық қауымдастық Қазақстан билігінен "Бейбіт жиын өткізу туралы" заңды қайта қарап, халыққа өз ойын еркін айтуға кедергі келтірмеуді талап етіп келеді. Астана елдегі бейбіт жиындар туралы заң халықаралық талаптарға сай деген уәж айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG