Accessibility links

Украина билігі Ресей күштерінің Харьков пен Запорожьедегі инфрақұрылымдарды зымыранмен атқылағанын хабарлады


Украинада соғыстан қираған ғимараттар. Көрнекі сурет.
Украинада соғыстан қираған ғимараттар. Көрнекі сурет.

Украина билігі Ресей әскері Харьков пен Запорожьедегі инфрақұрылымдарды зымыранмен атқылағанын хабарлады. Жараланғандар бар.

Харьков мэрі Игорь Терехов 21 қазанда таңертең қалаға шабуыл жасалғанын хабарлады.

"Харьковте жарылыстар болды. Өте сақ болыңыздар" деп жазды ол Телеграм-арнасында.

Оның айтуынша, Харьковтегі кәсіпорындардың біріне зымыран түскен. Кәсіпорын аумағындағы әкімшілік-өндіріс ғимараты қираған.

Харьков облысының басшысы Олег Синегубов Харьковте орыс армиясының соққысынан кейін бес адамның жараланғанын айтты. Бұған қоса, өнеркәсіп инфрақұрылымдары да бүлінген. Кейін ол жараланғандар алты адамға жеткенін айтты.

Ресей қорғаныс министрлігі Харьковке соққы жөнінде хабарламады, алайда екі аптадан бері Украинаның энергетика нысандарын зымыранмен атқылап жатқанын хабарлап келеді.

Ресей әскерінің шабуылы жалғасып жатқан тұста Запорожье облысы әкімшігінің жетекшісі Александр Старух халықты бомбадан қорғайтын орындарда қалуға шақырды.

Кейін ол шабуылдың нәтижесінде қалада зымыран сынықтары қалуы мүмкін екенін ескертіп, бөлшектерге жоламауға үндеді.

"Қарсылас жақтың соққысынан алдын ала мәлімет бойынша тұрғын үйлер мен қала инфрақұрылымы қирады. Қираған нысандар мен зардап шеккендер жайды ақпарат анықталып жатыр" деді шабуылдардың жай-жапсарына тоқталған Запорожье қалалық кеңесінің хатшысы Анатолий Куртев.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG