Accessibility links

CNN: Ақ үй Илон Маскпен Иран азаматтарына Starlink интернетін ұсыну мәселесін талқылап жатыр


Құқық қорғаушы Махса Аминидің өлімінен кейін наразылық әлем елдеріне де жайылды. Түркия, қыркүйек айы 2022 жыл.
Құқық қорғаушы Махса Аминидің өлімінен кейін наразылық әлем елдеріне де жайылды. Түркия, қыркүйек айы 2022 жыл.

АҚШ әкімшілігі Илон Маскпен Иранға Starlink интернетін қолдану мүмкіндігін беру жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр. Бұл жөнінде келіссөзден хабары бар тұлғаға сүйенген CNN арнасы хабарлады.

Starlink Иран билігі елдегі интернетті шектеген кезде ғаламторға кіруге мүмкіндік беретін пайдалануға жеңіл технология ретінде қарастырылып отыр. CNN'нің жазуынша, Вашингтон Ирандағы наразы халықты қолдау амалдарын іздестіріп жатыр.

"Иран халқының жан-айқайын қолдау үшін, қолдан келгеннің бәрін жасау үшін жағдайды бақылап отырмыз" деді CNN'ға Байден әкімшілігінің жоғары лауазымды өкілі.

Ақпаратқа қарағанда, Starlink интернетін пайдалану үшін арнайы станциялар мен терминалдар орнату қажет. Starlink интернетін байланыс үшін қолданып жатқан Украинада мысалы, 20 мың терминал бар.

Иранда наразылық қыркүйек ортасында 22 жастағы құқық қорғаушы Махса Аминидің өлімінен кейін тұтанған. Ахлақ полициясы оның хиджабы нормаға сәйкес емес деп тауып ұстаған. Кейін ол полиция бөлімшесінде жұмбақ жағдайда қаза болды. Куәгерлер оны ұрып-соққанын айтады, ал ресми орындар Аминидің аурудан көз жұмғанын айтты. Бірақ оған еш дәлел келтірмеді.

Қыркүйек ортасында наразылық Тегераннан бөлек, Карадж, Мешхед, Исфахан, Шираз және Решт қалаларында өтті. Иран билігі наразылық кезінде интернетті өшіріп тастады.

Наразылар әйел құқығын қорғауды, полиция озбырлығын доғаруды, Иранды демократияландыруды, үкіметті отставкаға жіберуді талап етті. Интернетте тараған көптеген видеороликтерде оқушы қыздардың жалпыұлттық наразылық кезінде басындағы орамалдарын шешіп, бұлғап, үкіметке қарсы ұран айтып жатқаны көрінеді.

  • Украинада әскери қызметкерлер Starlink жүйесін бір-бірімен байланысу үшін, барлау деректерімен алмасып, дрондарды басқару үшін белсене пайдаланып жатыр. Қыркүйекте SpaceX АҚШ қорғаныс министрлігіне хат жіберіп, Украинадағы Starlink жұмысын қаржыландыруға шамасы жетпейтінін ескерткен. 15 қазанда Маск шығынға қарамастан Украинадағы Starlink байланысын қаржыландыра беретінін мәлімдеді. Ақпаратқа қарағанда, Starlink'тің Украина аумағында 20 мың терминалы бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG