Accessibility links

Қаңтар бойынша айыпталып, азапталған жігіттің анасы прокуратура алдында пикет өткізді


Қаңтарға байланысты айыпталған Әділет Мусиннің анасы Бақыт Ысқақова прокуратура алдында жалғыз адамдық пикет өткізіп тұр. Алматы, 22 қазан 2022 жыл.
Қаңтарға байланысты айыпталған Әділет Мусиннің анасы Бақыт Ысқақова прокуратура алдында жалғыз адамдық пикет өткізіп тұр. Алматы, 22 қазан 2022 жыл.

Қаңтар оқиғасы бойынша қамалып, қыркүйекте азапталғаны хабарланған Әділет Мусиннің анасы Бақыт Ысқақова 22 қазанда Алматы қаласы прокуратурасы алдында жалғыз адамдық пикет өткізді. Ол ұлы Әділет Мусинді босатып, тергеу изоляторында азапталуын тергеуді талап етіп отыр.

Ол азаптау бойынша түсірген шағымының жылжымай отырғанына наразы болды.

Сенбі күні Ысқақованың алдына бас прокуратура өкілдері шығып, "мәселені тергеу шешеді, тергеудің соңын күтейік" деген.

– "Баяғы жартас, сол жартас". Ұлымның қамау мерзімін тағы бір айға созамыз деді. Ұлымның азапталғаны туралы айтсақ, "ой, оның бізге қатысы жоқ, шағым жазыңыздар" деді. Бұған дейін прокуратура шағымызды алып, "өз ішімізде қызметтік тергеу жүргіземіз" деген. Түк өнбей жатыр. Нәтиже жоқ, – деді Бақыт Ысқақова сенбі күні Азаттық тілшісіне.

Азаттық сенбі күні Алматы қаласы прокуратурасының баспасөз қызметіне хабарласқанмен телефон тұтқасын ешкім көтермеді.

37 жастағы Әділет Мусин "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деп айыпталып, шілдеде тергеу изоляторына қамалған. Қыркүйекте анасы мекеме қызметкерлерінің оны "ұрып-соққанын" айтып, шағым жазған.

– Ол баланы түн ішінде, сағат оннан кете, төрт кісі оны жалғыз ішкі киімімен алып шығып, бөлек бөлмеге алып барып, ұрып, қылғындырып, неше түрліні айтып, балағаттап, "сен қаңтарлықсың, неге отырсың, кінәні мойныңа ал" деп қысым жасаған, – деген еді Бақыт Ысқақова сол кезде Азаттыққа.

Видео: Қаңтардан соң ұсталған Әділет Мусин азапталғанын айтқан (4 қазан 2022 жыл).

Қаңтардан соң ұсталған Әділет Мусин азапталғанын айтқан
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:25 0:00

Бақыт Ысқақованың айтуынша, аталған фактіге қатысты медициналық сараптама жасалған. Дәрігерлер Әділет Мусиннің мойнының алдыңғы жағы жырылғанын, сол жақ беті, оң жақ шынтағы мен оң жақ иығы, екі тобығы көгергенін анықтаған. Ол бұл бойынша түсірген шағымның жылжымай жатқанын айтты.

Туыстарының айтуынша, Әділет Мусин көппен бірге Қаңтар оқиғасына қатысқан. Ол "қаңтардың төртінен бесіне қараған түні алаңда 15 минут жүріп, кетіп қалған". Бірақ құзырлы органдар оған жаппай тәртіпсіздікке қатысты дейтін айып таққан.

Адвокатының айтуына қарағанда, Әділет президенттің рақымшылығына ілінбеуі мүмкін. Өйткені тағылған айыпты мойындамаған. Бас прокуратура рақымшылық арқылы босап шығу үшін кінәлі екенін мойындау қажет деген.

Қаңтар оқиғасында ресми есеп бойынша 232 адам қаза тапқан. Тағы 6 адам түрмедегі азаптау кезінде көз жұмған. Билік террористердің шабуылы деген дүрбелеңнен соң бес мыңнан аса қылмыстық іс қозғалды. Қазірге дейін мыңнан аса адам сотталып, 100-ден астамы түрмеге жіберілген. Басым бөлігінің бостандығы шектелген. Осыған дейін Қаңтар бойынша айыпталғандардың кейбірінің туыстары тергеу әділетсіздігіне шағымданған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG