Ресей бақылауындағы Украинаның Херсон қаласында интернет өшті. Әлемдегі интернет-бұғаттауларды бақылайтын NetBlocks жобасы 23 қазанға қараған түні осылай деп хабарлады.
"Қазіргі көрсеткішке сүйенсек, ресей-қырымдық "Миранда" интернет-провайдер арқылы Ресейге қайта бағытталған Херсон (Украина) желісі өшті. Оккупациялаушы билік тұрғындардан көшуді талап еткен шақта осындай оқиға болып отыр" деп жазылған хабарламада.
Сенбі күні Мәскеу аннексиялап алған Херсон облысындағы Ресей әкімшілігі тұрғындардан "жедел қаладан кетуді" талап еткен. Ресей әкімшілігі бұған "майдандағы ахуалдың күрделенгені, атқылаудың жиілеп, теракт қаупінің туындауы" себеп деп түсіндірді.
Бұған дейін Украина жағы шегінген орыс әскері Кахов су қоймасын жарып кетуі ықтимал деген қауіп айтқан. Егер су қоймасы жарылса, ондаған елді мекен, оның ішінде Херсонның бір бөлігін де су басуы мүмкін. Өз кезегінде Ресей жағы Украинаны солай істеуі мүмкін деп мәлімдеген.
Ресей билігі Украинаның төрт облысын аннексиялап алғаны жөнінде қыркүйек соңында хабарлаған. Ізінше солтүстік жақта Ресей әскерінің шегінгені белгілі болды.
Ресей билігі Херсонды соғыстың алғашқы күндері – наурыз басында бақылауға алған. Бұл Ресей Украинаға басып кіргелі бері орыс күштерінің бақылауына өткен Украинадағы жалғыз облыс орталығы.
ПІКІРЛЕР