Accessibility links

Қазақстанда алтынға сұраныс 30 пайызға өскен


Қазақстандағы екінші деңгейлі банктер мен жеке айырбастау пунктері қыркүйекте салмағы 124, 66 келі болатын 3099 құйма алтын сатып алған. Бұл туралы Ұлттық банк хабарлады.

Қыркүйекте сатылған алтындарды ақшаға шаққандағы құны шамамен 6,8 млн долларды құрайды. Макроэкономика туралы жазатын Tengenomika телеграм каналының хабарлауынша, бұл тамызбен салыстырғанда 29,4 пайызға, ал былтырғы қыркүйекпен салыстырғанда 20,2 пайызға артық.

Биыл тоғыз айда сатылған алтын көлемі былтырғы тоғыз аймен салыстырғанда 31,5 пайызға көп.

Қазақстанда жұрт биыл наурызда (ақпанның соңында Ресей Украинаға басып кірген еді) көп алтын сатып алған. Яғни, наурызда 167,2 келі болатын 8269 құйма алтын сатылған. Бұл былтырғы наурызбен салыстырғанда 2,9 есеге көп. Сарапшылар Ресейдегі мобилизацияның салдарынан қазан айында да алтынға сұраныс көп болуы мүмкін деп болжайды.

Ұлттық банк халыққа алтын құймаларын сатуды 2017 жылы бастаған. Содан бері елде 3,6 тонна болатын 104945 құйма алтын сатылған. Алтын құймалары 5, 10, 20, 50 және 100 граммнан сатылады. Алтын сатып алатындардың көбі Алматы, Астана және Атырауда.

Ұлттық банк алтын құймалары табысты сақтаудың ең сенімді жолы деп санайды. Алтын құймаларын сатып алғандар кейін оны банктер мен айырбастау пунктеріне қайта сата алады.

Бұған дейін Ұлттық банк қыркүйекте елдің 20 аймағында жылдық инфляция 17,7 пайыз болғанын хабарлаған. Елде азық-түлік бағасы қыркүйекте 22,2 пайызға қымбаттаған (тамызда – 20,8 пайыз).

Қазақстанда кейінші уақытта азық-түлікпен қатар пәтер жалдау құны да өсіп кетті. Тамыздың соңында Қазақстанда, соның ішінде Алматыда, студенттердің оқуға келген сәтінде пәтер жалдау қымбаттаған. Кейін Ресейде мобилизация жарияланып, Қазақстанға мобилизациядан қашқан ресейліктердің келуіне байланысты пәтер жалдау бағасы тағы өсті. Кредиттік бюро мәліметінше, елде бір жылда пәтер жалдау құны елу пайызға өскен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG