Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдің әскери доктринасына өзгерістерді бекітті. Бұл туралы қорғаныс министрлігі хабарлады.
"Құжатта әскери қауіптер мен қауіпсіздікке әсер ететін заманауи жағдайлар мен факторлар көрсетілген. Оған әскери-саяси және әскери-стратегиялық салалардағы қызметтің жаңа бағыттары, нормативтік құқықтық актілерді жүйелеу және әскери жоспарлау жүйесін енгізу шаралары енгізілген" деп мәлімдеді министрлік.
Жаңа доктринада "қарулы күштердің жауынгерлік әлеуетін арттыру үшін арнайы операциялар күштерін дамыту және олардың басқа мемлекеттік органдардың арнайы мақсаттағы бөлімшелерімен өзара іс-қимылын кеңейту көзделген".
Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, "әскери доктринаның жаңа редакциясы мемлекеттің әскери қауіпсіздігі мен қорғанысын қамтамасыз ету істерін қазіргі заманғы талаптар мен жағдайларға бейімдеуге мүмкіндік береді, сондай-ақ жаңа қатерлерге ден қойып, елдің әскери әлеуетін арттырады".
Әскери доктринаға өзгерістер енгізу туралы жарлық заңды күшіне енді.
Тоқаев 2021 жылы қыркүйектегі жолдауында әскери доктринаны жаңарту жайлы айтып; қарулы күштерді, басқа да әскери жасақтарды қайта жасақтау туралы тапсырма берген. Ал сол жылы маусымда қорғаныс министрлігі әскерді жаңа жағдайға бейімдеу үшін әскери доктринаға өзгертулер енгізілетінін айтқан.
Сол кезде Қазақстанға басты қауіп – басқа елдердің, халықтардың, әлеуметтік топтардың Қазақстанға қарсы әскери күш, "гибридтік соғыс" әдістерін қолдану деп аталған еді. Бұған қоса, шекаралық қақтығыстар; деструктивті топтардың елдегі жағдайды ушықтыру үшін, конституциялық құрылымды күштеп өзгерту үшін, аумақтық тұтастықты бұзу үшін ақпараттық және кибершабуыл да қауіп деп қарастырылған.
Қыркүйектің соңында Тоқаев "Қазақстандағы жақсы өзгерістерден соң сыртқы күштер түрлі фейктер шығып, кибершабуылдар жасалды" деп мәлімдеген. Тоқаев сыртқы күштерді атамады, тек "осындай тұста біз ұлт ретінде бірігуіміз керек" деді.
2017 жылы қабылданған әскери доктринада әуе шабуылына қарсы қорғанысты Ресеймен бірлесе дамытатыны жазылған еді. Ал жаңа доктринада да әуе шабуылына қарсы қорғаныс Ресеймен бірге жүзеге асырылатыны жайлы тармақ бар.