Accessibility links

Мишельді Қазақстан мен Өзбекстанға сапары кезінде адам құқықтары мәселесін көтеруге шақырды


Еуропа кеңесінің төрағасы Шарль Мишель.
Еуропа кеңесінің төрағасы Шарль Мишель.

Төрт құқық қорғау ұйымы Еуропа кеңесінің төрағасы Шарль Мишельді осы аптада Қазақстан мен Өзбекстанға сапары кезінде Орталық Азия елдері жетекшілерімен кездескенде адам құқықтары мәселелерін көтеруге шақырды.

25 қазанда жариялаған мәлімдемесінде Адам құқықтары бойынша халықаралық әріптестік (IPHR), Адам құқықтары бойынша Қазақстан бюросы, "Орталық Азиядағы адам құқықтары" ассоциациясы (AHRCA) және Адам құқықтары бойынша түркімен бастамасы қол қойған.

Мәлімдеме авторлары Мишельді Орталық Азия елдері лидерлеріне ЕО аймақтағы адам құқықтарының ахуалы бойынша "өзгерістерді күтіп жатқанын жеткізуге" шақырған.

"Биыл Қазақстанда, Өзбекстанда және Тәжікстанда болған ірі дағдарыстар кезінде адам құқықтарының бұзылуына кінәлілерді жауапқа тартуды талап етуіңізді өтінеміз. Қазақстанда, Таулы Бадахшан автономиялы облысында және Қарақалпақстанда билік саясатына қарсы бейбіт акциялар белгісіз себептермен құқық қорғау органдарымен қақтығысқа ұласты", - деп жазылған мәлімдемеде.

Құқық қорғау ұйымдары Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстан билігі аталған оқиғалар бойынша тәуелсіз әрі ашық зерттеу жүргізбегенін, кінәлілер жауапқа тартылмағанын атап өткен. Бұдан тысқары олар аталған үш елде дағдарыстан кейін журналистер мен блогерлер қамалып, сөз еркіндігі шектеліп жатқанын айтқан.

Құқық қорғау ұйымдары Еуропа кеңесін Орталық Азия билігі өкілдерінен белсенділер мен журналистерді, блогерлерді босатуды талап етуін, "бейбіт жиналу мен пікір айту еркіндігін" талап еткені үшін ұсталып, қамалған белсенділер мәселесін қозғауды, азаматтық қоғамның дамуы мен аймақты демократияландыруға кедергі келтіріп жатқан репрессияшыл саясат пен практиканы айыптауын сұраған.

Құқық қорғаушылар мен белсенділер Мишель Қазақстанға сапары барысында елдегі адам құқығы ахуалына да баға береді деп үміттенеді. ЕО мен Қазақстан арасындағы әріптестікті дамыту туралы келісім оннан астам саланы қамтиды, арасында экономика мен сауда да бар. Бұған дейін құқық қорғаушылар ЕО мен Қазақстан арасындағы әріптестіктің алғышарты – елдегі адам құқығы мен азаматтар еркіндігінің сақталуы болуы тиіс деп мәлімдеген.

  • Жыл басында Қазақстанның батысында сұйытылған газдың қымбаттауынан басталған наразылық өзге аймақтарға жайылған. Көптеген қала, аудан, елді мекен орталықтарында саяси сипатта ұрандар айтылды, әлеуметтік теңсіздік, жемқорлық мәселелері қозғалды. Кейбір қалаларда демонстрациялар дүрбелең мен қантөгіске ұласты. Билік "шетелде дайындықтан өткен террористердің" шабуыл жасағанын айтқанмен оған дәлел келтіре алмады.
  • Ресми мәлімет бойынша, Қаңтар оқиғасында 238 адам опат болған. Кемінде алтауы ұстау кезінде азапталып, көз жұмған.
  • Қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін мыңдаған азамат ұсталып, жүздеген адамға "терроризм", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру", "заңсыз қару-жарақ сақтау" секілді айыптар тағылды. Қамауда болғандардың арасында азапталғанын айтып шағымданғандар көп, бірақ оларды азаптау фактісі бойынша ұсталғандар некен-саяқ.
  • Құқық қорғаушылар Астананы Қаңтар оқиғасын тергеуге халықаралық сарапшылар тартуға бірнеше рет үндеген. Бұған қоса, Қаңтарда қаза болғандар туралы толық ақпаратты жариялауды да талап еткен.
XS
SM
MD
LG