Ташкент метросында полиция қызметкеріне "сөмкемде бомба бар" деп әзілдеген 19 жастағы қыз бес тәулікке қамалып, айыппұл төлеуге міндеттелді.
Ақпаратқа қарағанда, 22 қазанда ішкі істер министрлігіне қарасты метродағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету басқармасының қызметкері 19 жастағы Н. С. атты қызды тексеру үшін тоқтатқан. Қыз оған жауап ретінде сөмкесінде бомба бар екенін айтқан. Қызметкер дереу тиісті бөлімге хабар беріп, төңірек қоршауға алынған.
Қыздың сөмкесінен ешқандай жарылғыш зат табылмаған. Ол Ташкенттің Шайхантахур аудандық ішкі істер басқармасына жеткізілген. Қыз қалжыңдағанын айтқан.
Газета.uz сайтының мәліметіне қарағанда, бойжеткен "ұсақ бұзақылық" және "жалған ақпарат беру" баптары бойынша кінәлі деп табылды. Ол бес тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 1 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді.
ПІКІРЛЕР