Мәжіліс депутаттары Халықаралық қайта құру және даму банкінен 345 млн еуро қарыз алу туралы келісімді мақұлдады.
Ақпаратқа қарағанда, Халықаралық қайта құру және даму банкі 345,7 млн еуроны Қазақстанға жеңіл шарттармен 11 жылға қарызға береді.
Мәжілістің қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Марат Құсайынов Atameken business басылымына қарыз бойынша сыйақы мөлшерлемесі 2,25 пайыз екенін айтты. Қарызды өтеу бойынша жеңілдік кезеңі – 2,5 жыл.
Бұған қоса, келісім күшіне енгеннен кейін қаражат бірыңғай транш ретінде бөлінетіні хабарланды.
Келісімге биыл тамызда қол қойылған. Арнайы заң жобасы мәжіліске алынып, әрі қарай сенат қарауына жіберілген еді.
Мәжіліс депутаттарының түсіндіруінше, аталған қарыз бюджет тапшылығын толтыруға жұмсалады, себебі "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" ресурсы жеткіліксіз. Ал ішкі нарықта қарыз алу шарттары тиімсіз. Кейбір БАҚ-тың жазуынша, қаражат пандемиядан кейін экономиканы қалпына келтіруге жұмсалады.
Қазақстан үкіметі зейнетақы ақшасын бюджет тапшылығын толтыру үшін пайдаланады, бұдан соң ақшаны мемлекет инфляция шығынын толтыру үшін салымшыларға төлейді. Дүниежүзілік банк 2019 жылы үкіметтердің зейнетақы ақшасын экономика мәселелерін шешуге пайдалану тәжірибесіне назар аударып, одан халықтың жағдайы нашарлай түсетінін мәлімдеген.
Қазақстан үкіметінің ақпаратынша, 30 жыл ішінде республика Дүниежүзілік банктен қаржы, инфрақұрылым, тұрғын үй шаруашылығы, энергетика, шағын және орта бизнес, агроөнеркәсіп кешені және IT-саласындағы 55 жоба үшін 8 миллиард доллардан астам ақша алған.
2020 жылы Қазақстан халықаралық қаржы ұйымдарынан коронавируспен күреске екі миллиард доллар қаражат алған. Басым бөлігі Азия даму банкінен қарыз ретінде алынған.
2022 жылдың 1 қаңтар күнгі мәліметі бойынша, Қазақстанның сыртқы қарызы 165,1 млрд долларды құраған, былтырмен салыстырғанда қарыз көлемі жарты миллиард долларға артқан.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының мәліметінше, мемлекет қарызы өсіп, елдің алтын валюта резерві мен Ұлттық банк активі едәуір қысқарған шақта 2021 жылы елдің сыртқы қарыз тұрақтылығы бойынша көрсеткіші нашарлаған.