Accessibility links

Қаңтар оқиғасы: Бас прокуратура азаптаудан көз жұмған үш адамның өліміне байланысты тергеу аяқталғанын хабарлады


Алматыдағы Республика алаңында тұрған билік күштері. 5 қаңтар 2022 жыл.
Алматыдағы Республика алаңында тұрған билік күштері. 5 қаңтар 2022 жыл.

Бас прокуратура Қаңтар оқиғасы кезінде азаптаудан көз жұмған үш адамның өліміне байланысты тергеу амалдары аяқталғанын хабарлады. Бұл жөнінде 27 қазанда сенат кулуарында журналистердің сұрақтарына жауап берген бас прокурордың орынбасары Әсет Шыңдалиев мәлімдеді. Оның алдында парламенттің жоғары палатасы Қаңтар оқиғасына қатысушыларға рақымшылық жариялау туралы заң жобасын мақұлдаған. Құжат президентке қол қоюға жіберілді.

Құжатқа сәйкес, 4-7 қаңтар күнгі "заңбұзушылықтарға қатысы бар" 1,5 мыңнан астам адам амнистияға ілінеді. Құжат жеңіл және орташа ауыр қылмыс жасағандардың барлығын қылмыстық жауапкершіліктен толық босатуды, ауыр және ерекше ауыр қылмыс жасап, сонысын мойындағандардың жазасын қысқартуды ұсынады.

Бұған дейін құқық қорғаушылар рақымшылық Қаңтар кезінде бейбіт халыққа оқ атқандарды жауаптан жалтаруға жағдай жасайды деп қауіптенген. Себебі, заң жобасы бойынша "қорғану мақсатында" немесе "кездейсоқ адам өлтіру" бабы бойынша айыпталғандар да рақымшылыққа ілінуі мүмкін.

Бейсенбі күні сенат кулуарында Азаттық тілшісі бас прокурордың орынбасары Әсет Шыңдалиевтен "қасақана адам өлтіру" бабы бойынша күдікке ілінген немесе айып тағылған күштік құрылым өкілі бар ма? деп сұраған еді.

– Қасақана адам өлтіру бойынша: құқық қорғау қызметкерлеріне 362-бап ("Билікті немесе лауазымдық өкілетті асыра пайдалану), 146-бап ("Азаптау"), 451-бап ("Билік өкілетін асыра пайдалану") бойынша айыптар тағайындалды. Азаптау нәтижесінде алты адам қайтыс болған. Үшеуінің қайтыс болғаны туралы тергеу амалдары қазір аяқталды. Олар қазір айыпталушылар іспен танысып жатыр" деді ол.

"Сонда халыққа қарсы оқ атқан күштік құрылымдардың әрекеті қызмет бабын асыра пайдалану ретінде бағаланып отыр ма?" деген сұраққа Шыңдалиев "иә, қызмет бабын атқарып отырған шақта билігін асыра пайдаланған" деп жауап берді. Ол бұған дейін қазіргі кезде 49 полицейге жоғарыда аталған баптар бойынша айып тағылғанын, "қылмысты жасыру" бойынша айыпталған бір полицей ғана рақымшылыққа ілінуі мүмкін екенін айтқан.

"Абайсызда адам өлтіру" бабы бойынша қанша адам рақымшылыққа ілінуі мүмкін деген Азаттық тілшісінің сұрағына бас прокуратура өкілі нақты жауап бере алмады.

Әсет Шыңдалиев бейсенбі күні сенат кулуарында Қаңтар оқиғасына байланысты ауыр баптармен айыпталғандаға да тоқталды. Оның сөзіне қарағанда, қазір "терроризм" бабы бойынша екі іс қаралып жатыр.

"Жалпы 24 ұйымдасқан топтың мүшелері қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр. Терроризм бойынша, 46 адам күдікке ілінген. Қазақстан азаматтары да бар, [басқа ел азаматтары да бар]. Жалпы қылмыс жасағандар арасында шетел азаматтары барын бұрын айтқанбыз" деді Әсет Шыңдалиев.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен сарапшылар Қазақстан билігін Қаңтар оқиғасын тергеуге халықаралық сарапшыларды тартуға шақырып келеді. Соңғы рет мұндай ұсыныс 26 қазанда Еуропарламентте Қазақстандағы адам құқығы ахуалына арналған тыңдауда да айтылған. Қазақстан билігі бұл ұсыныстан бас тартқан. 27 қазанда "Қазақстан билігі неге халықаралық тергеуден бас тартып отыр?" деген сұраққа Әсет Шыңдалиев:

"Біздің өз заңнамамыз бар. Қылмыстық іс жүргізу кодексі бар. Онда кімнің тергеу амалдарын жүргізетіні нақты көрсетілген. Заңнамамыз бойынша, бөтен адам, құқық қорғау саласына қатысы жоқ адамдардың тергеу амалдарын жүргізуіне құқық берілмейді. Оған тек қана тергеуші, прокурор, Қылмыстық-процестік кодекстке көрсетілген адамдар ғана [араласа алады]" деді.

Кемінде 238 адамның өмірін қиған Қаңтар оқиғасына байланысты сот процестері Қазақстанда жүріп жатыр. Қантөгістен кейін елде мыңнан астам адам ұсталып, көбіне "терроризм", "жаппай тәртіпсіздік", "қару-жарақ ұрлау" баптары бойынша айыптап тағылған. Айыпталғандар арасында азаматтық белсенділер де бар. Бұған дейін кейбір айыпталушылар мен туыстары тергеудің әділетсіздігіне шағымданған. Қаңтар кезінде қаза болған азаматтардың туыстары жақындарын ақтауды талап етіп, оларға оқ атқандарды табуды талап еткен. Ресми Астана оқиғаны тергеуге халықаралық сарапшыларды тарту туралы ұсыныстан бас тартқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG