Accessibility links

Полиция Азаттық операторынан балконнан түсірген видеосын өшіруді талап етті 


Полиция қызметкері және Азаттық операторы Ержан Әмірханов. Астана, 27 қазан 2022 жыл.
Полиция қызметкері және Азаттық операторы Ержан Әмірханов. Астана, 27 қазан 2022 жыл.

Еуропа кеңесінің президенті Шарль Мишель Қазақстанда ресми сапармен жүрген кезде Азаттықтың Астанадағы кеңсесіне полиция өкілі келді. Ол Ақордадан шыққан көліктер кортежін балконнан түсірген Азаттық операторынан видеоны жоюды талап етті.

Полиция қызметкері Азаттық кеңсесінің балконынан кім видео түсіргенін сұрап, видеоны дереу өшіруді талап етті. Видеоны Азаттық операторы Ержан Әмірханов түсірген.

- Азаттық радиосы түсірген екен. Ол нақты сол кортежді түсірген, бірақ оны өшіруден бас тартып тұр. Олардың түсіруге рұқсаты бар екен, - деді біреуге қоңырау шалып, "жағдайды баяндаған" полиция қызметкері.

Оның сөзінше, "басшылығы бәрін бақылап отыр, кімнің қайдан түсіргенін анықтаған".

- Бүгін шара болып жатыр. Сіздің түсіргеніңізді басшылар бақылап отыр. Қазір жедел топ келіп сізбен сөйлеседі, - деп ол кетіп қалды.

Бірақ жедел топ келген жоқ.

Азаттық радиосының бюро жетекшісі Қасым Аманжол оқиғаны журналистің кәсіби жұмысына жасалған психологиялық қысым әрі Қазақстан заңдарында көрсетілген қолданыстағы БАҚ туралы заңның 20-бабына қайшы әрекет ретінде бағалайды.

- БАҚ туралы заңда журналистің құқықтары толық көрсетілген. Яғни, журналист арнайы тыйым салынбаған орында тұрып, фото-видео түсіруге, ақпарат алуға құқылы. Шетелдік мәртебелі мейманның кортежін бірнеше жүз метр жердегі кеңсе балконынан, бесінші қабаттан видеоға түсіріп алу ешқандай да заң бұзу емес. Мейман келер алдында Ақорданың қауіпсіздігін бақылайтын күзет қызметі Азаттық редакциясына келіп, заңға сүйеніп ауызша да, жазбаша да ескерту жасаған жоқ, - деді Қасым Аманжол.

Азаттық құрамына кіретін Азат Еуропа/ Азаттық радиосының президенті әрі атқарушы директоры Джейми Флай бұл оқиғаға байланысты пікір білдірді. "Қазақстан үкіметінің қоғамдық шарадан түсірілген видеомызды өшіруді не өзгертуді өтінуін құптай алмаймыз. Азат Еуропа/ Азаттық радиосы өз репортажын қысымға бола өзгертейді “ деді Флай.

Азаттық журналистерінің кәсіби жұмысына бұған дейін де бірнеше рет кедергі жасалған. Ол туралы полиция бөліміне шағым түсірілгенімен нәтиже болған жоқ.

Халықаралық "Шекарасыз тілшілер" үкіметтік емес ұйымының 2022 жылы жарияланған БАҚ еркіндігінің жыл сайынғы рейтингісінде Қазақстан 180 елдің ішінде 122-орында тұр. Құқық қорғаушылар елдегі сөз бостандығы ахуалын күрделі деп бағалайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG