Accessibility links

RFA: Шыңжаңда Қытай компартиясы съезі алдында жүздеген ұйғыр ұсталған


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Шыңжаңда Қытай компартиясы съезі алдында жүздеген ұйғыр ұсталған. Мұндай шара аймақта "тәртіпсіздіктің туындауына жол бермес үшін" ұйымдастырылған. Бұл жөнінде дереккөздер мен аймақ билігіне сүйенген Radio Free Asia (RFA) жазды.

Сайттың мәліметінше, ұстаулар 23 қазанға белгіленген компартия съезі өтпей тұрып бірнеше ай бұрын - шілдеде басталған. Қазанда билік Шыңжаңға жол жүруге тыйым салған.

Панджим ауылындағы компартия бөлімі хатшысының сөзіне қарағанда, соңғы рет съезд алдындағы қудалаулар қыркүйектің соңы мен қазанның басында болған. Ол кезде негізінен жастар ұсталған.

"Негізінен 2000-жылдан кейін туған жастар, қауіпті буын өкілдері [ұсталды]" деді компартия өкілі. Ол жергілікті шенеуніктер ұсталғандардың тізімін құрастырғанын айтты.

Басылым тілшілері Хотан қалалық басқармасының арнайы жасағына жетекшілік еткен командирдің үйіне хабарласқан. Телефон тұтқасын көтерген анасы ұлының жұмыста екенін, "Strike Hard кампаниясы басталғалы бері" "адамдарды ұстап жатқанын" айтқан.

"Ол жұмыс істеп, кабинетінде ұйықтап жүр. Партия съезіне байланысты қолы босамайтынын айтты" деді анасы. "Қазірге дейін қанша адам ұсталғанын білесіз бе?" деген сұраққа командирдің анасы "1000-2000 адам аралығында" деп жауап берген.

Құлжа қаласындағы офицерлердің бірінің айтуынша, полиция жуырдағы қудалаулар кезінде 125 адамды ұстаған. Олар "қауіпті буын өкілдері" болғаны үшін қудаланған.

  • БҰҰ есебінше, Қытай Шыңжаң өлкесінде 2017 жылдан бері лагерьлер ашып, бір миллион ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылмандарды қамаған. Оларға Қытай заңдары мен коммунистік партияны дәріптейтін өлеңдерді күшпен жаттатқызған, қытай тілін үйреткен. Кейін зерттеушілер Пекин Шыңжаңдағы халықтың санын азайту үшін әйелдерді стерилизациялап, түсік жасатқанын мәлімдеген. Лагерьден шыққан әйелдер сақшылар зорлағанын, ал еркектер қамауда азапталғанын айтқан.
  • Қытай лагерьлерді "кәсіпке баулу орталығы" дейді, ал Шыңжаңдағы саясатын "экстремизммен күрес" деп атайды. Қытай мемлекеттік медиасы Шыңжаңдағы "бақытты өмірді" көрсетуге тырысады.
  • Жуырда БҰҰ баяндама жариялап, Шыңжаңда "адамзатқа қарсы қылмыс деп бағалауға болатын адам құқығын өрескел бұзу" жайттары болған деп мәлімдеген. Лагерьде тұтқында болғандар өздерін "жолбарыс орындығына" отырғызғанын, электр таяқтарымен ұрғанын, жалғыз адамдық камераларға қамағанын, тергеу кезінде суға тұншықтырғанын айтқан. Құжатта Қытай билігі аймақтағы "терроризм мен экстремизммен күрес шаралары" аясында адам құқығын "өрескел бұзғаны" жазылған.
  • Қытай билігі БҰҰ баяндамасын "Қытайға қарсы әдейі таратылған жалған ақпарат" деп атаған. Пекиннің пікірінше, құжатта "Шыңжаңдағы адам құқығы саласындағы жетістіктер" айтылмаған.
XS
SM
MD
LG