Қырғызстан медиа қауымдастығы сөз бостандығына қысымға қарсылық ретінде #күччындыкта (Күш шындықта) ақпараттық кампаниясын бастады.
Кампания Қырғызстанда тәуелсіз баспасөзге жасалған қысымға орай ұйымдастырылып отыр.
"28 қазанда Blackout Day күні жарияланады – сағат 9 бен 12 аралығында бір мезгілде жаңалық тарату тоқтатылады. Осы уақыт аралығында жаңалықтардың орнына "Жаңалық жоқ. БАҚ-қа қысым бар" деген мәтіні бар қара тақта жарияланады" деп жазылған ұйымдастырушылар хабарламасында.
Бұдан бөлек, акцияға қатысқан редакциялар бір күн бойы мемлекеттік органдардың баспасөз хабарламасын жариялаудан бас тартады.
Ақпаратқа қарағанда, акцияға елдегі жетекші журналистер мен редакциялар, құқық қорғаушылар мен медиа ұйымдар қосылған. Арасында "Клооп", Kaktus Media және 24.kg сайттары бар.
Бұған дейін Қырғызстан мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігі "Азаттық Медиа" сайтын екі айға бұғаттаған еді.
Қырғызстан медиа қауымдастығы өкілдері ведомство "Жалған ақпараттан қорғау туралы" заңды бұзып отыр дейді.
"Заңда шамадан тыс кең, бұлыңғыр тіркестер мен әділетсіз нормалар бар. Олар өкілетті органға тәуелсіз БАҚ-ты заңды сот шешімінсіз жабуға мүмкіндік береді. Алайда Азаттықты жабу туралы шешім арқылы мәдениет министрлігі бұрмалауға бейімделгіш заңның өзін бұзып отыр" деп жазылған мәлімдемеде.
Азат Еуропа/Азаттық радиосының президенті Джейми Флай Азаттық пен "Настоящее время" төңірегіндегі жағдай туралы мәлімдеме жасап, АЕ/АР оқиғадан баланспен ақпарат тарату міндетінен таймайды деп мәлімдеген.
Бір күн бұрын АҚШ Мемлекеттік департаменті Қырғызстан билігінің "Азаттық Медиа" сайтын бұғаттау туралы шешімін айыптаған.
Азаттык – Азат Еуропа/Азаттықтың Қырғыз қызметі Қырғызстанда "Азаттық Медиа" мекемесі ретінде тіркелген.
Азаттык Қырғызстан мен әлемдегі маңызды оқиғалардан ақпарат таратып, материалдарын телеарна, радио, Интернет және әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы таратады.
ПІКІРЛЕР