Accessibility links

Сот бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың бостандығын бес жылға шектеді


Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов (сол жақта) пен адвокат Нұрлан Бейсекеев. Нұр-Сұлтан. 9 маусым. 2022 жыл.
Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов (сол жақта) пен адвокат Нұрлан Бейсекеев. Нұр-Сұлтан. 9 маусым. 2022 жыл.

28 қазанда Астананың Сарыарқа аудандық №2 сотында бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен бұрынғы вице-министр Олжас Әбішевке сот үкімі оқылды. Сот Елжан Біртановтың бостандығын бес жылға шектеді. Ол "цифрлық платформа жобасы" бойынша ("билік өкілетін теріс пайдалану", 361-бап, 4-бөлік) кінәлі танылды. Ал "санавиация бортын пайдалану" (361-бап, 3-бөлік) эпизоды бойынша ақталды. Сот Олжас Әбішевтің бостандығын төрт жылға шектеді.

"Біртанов пен Әбішев жұмыс істемейтін платформаны қабылдап алған, қажетті жұмыс атқарылмаса да жұмыстың орындалғаны туралы актіге қол қойған. Олардың заңсыз әрекетінің салдарынан 1,3 млрд теңге хорват компаниясының есепшотына түскен. Осылайша үшінші тұлғаның мүддесіне қарай билік өкілетін асыра пайдалану фактісі расталды. Бұл сома мемлекетке ауыр шығын әкелді. Олардың кінәсі қылмыстық іс материалдарымен, сараптама нәтижелерімен, куәгерлер сөзімен дәлелденді. Қазіргі кезде платформа істеп тұрған жоқ" деді үкімді оқыған судья.

Сот сонымен бірге экс-министрді өмір бойы мемлекеттік қызметте, сотта, жергілікті атқару органдарында, Ұлттық банк пен оның ведомстволарында, квазимемлекеттік секторда, қаржы ұйымдарында қызмет атқаруға тыйым салды.

Сот үкім шығарар кезде Біртановтың кәмелетке толмаған үш баласы бар екенін, Әбішевтің кәмелетке толмаған мүгедектігі бір баласы бар екенін ескерген.

Денсаулық сақтау министрлігінің азаматтық шағымы жартылай орындалған: Біртанов пен Әбішевтен министрліктің пайдасына 1 млрд 350 млн теңге көлемінде материалдық шығын өндіріледі. Бұған қоса, азаматтық шағымды қанағаттандырғаны үшін баж салығы ретінде әрқайсысынан 20 млн 251 мың теңге өндіріліп алынады.

Ал Елжан Біртанов сот үкімі оқылғаннан кейін апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді.

"Санавиация ұшағы бойынша сот үкіміне ішінара көңілім толады. Ал платформа эпизоды бойынша үкімге риза емеспін. Өзімді кінәсіз санаймын. Өз пікірімде қаламын. Заңға сәйкес, үкімге шағым түсіруге құқығымыз бар. Оны міндетті түрде пайдаланамыз. Әрі қарай да күресті жалғастырамыз. Олжас екеуіміз мемлекетке қызмет еттік. Бюджеттен бір тиын алған жоқпыз" деді Елжан Біртанов.

Оның айтуынша, Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі келесі деңгейде хорват компаниясымен соттасып, ақшаны қайтаруға күш салуы тиіс.

  • Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен оның орынбасары Олжас Әбішев "билік өкілетін асыра пайдалану" баптары бойынша 2020 жылы – елде коронавирус ушығып тұрған шақта күдікке ілінген. Тергеу органдары оларды хорваттың Ericsson Nikola Tesla компаниясымен "денсаулық сақтау саласындағы ақпараттық платформаны жасау" бойынша келісім жасасып, жұмыс атқарылмаса да қабылдап алды деп айыптаған. Соның салдарынан мемлекетке 1,5 млрд теңге шығын келді деген.
  • Бұған дейін қорғау тарабы тергеу органдарында бұрынғы министрдің кінәсін дәлелдейтін бұлтартпас айғақтар жоғын алға тартып, "тергеу органдарының әрекеті істі объективті жүргізуге емес, Біртановты қудалауға бағытталып отыр" деп мәлімдеген еді. Олар даулы платформаны іске қосу кезеңі әлі аяқталмағанын, платформаны қабылдау-пайдалану актісіне қол қоймаған Біртановтың заңсыз қудаланып жатқанын айтқан. Біртанов ұсталғаннан кейін әлеуметтік желіде оны қолдау акциялары өтті. Қолданушылар биліктен оны босатуды сұраған.
  • 52 жастағы Елжан Біртанов 2017 жылдың қаңтарынан 2020 жылдың маусымның соңына дейін денсаулық сақтау министрі қызметін атқарған. Ол коронавируспен ауырғандар саны күрт көбейіп, ауруханаларда орын жетпей қалған тұста отставкаға кеткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG