Accessibility links

Мухоряповтің тіл жайлы айтқанына байланысты іс қозғалды


Рамиль Мухоряпов.
Рамиль Мухоряпов.

Кәсіпкер Рамиль Мухоряповтың қазақ тілі туралы айтқанына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл жөнінде Алматы қаласы полиция департаментінің жіберген ресми жауабына сүйенген журналист Күлтегін Аспанұлы Facebook парақшасында хабарлады. Айтуынша, бұған дейін құзырлы органдарға арыз жазған.

Журналистің сөзінше, Алматы қаласы полиция департаменті экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы Дархан Әбіқұлов қол қойған хатта полицияның "Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру" (174-бап, 1-бөлігі) бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталғаны жазылған. Жазбада оның скрині де көрсетілген.

"Тергеліп жатқан қылмыстық іс шеңберінде психологиялық-филологиялық сараптама тағайындалды, оның нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады" деп журналист хабарламадан үзінді келтірген.

Журналист бұл бап бойынша заңда үш түрлі жаза: 2-7 мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл, 2-7 жыл аралығында бас бостандығын шектеу немесе айыру қарастырылғанын еске салған.

Азаттық 28 қазанда кешке Алматы полициясына хабарласқанмен жауап ала алмады. Бір күн бұрын бас прокурордың орынбасары Әсет Шыңдалиев Алматы полициясы кәсіпкер Рамиль Мухоряповтың қазақ тілі туралы айтқанын "тексеріп жатыр" деп мәлімдеген еді.

Ал интернетте тіл туралы заңның орындалуына жауапты Тіл саясаты комитетіне заңды бұзғандар үстінен әкімшілік хаттама толтыру құқығын беру туралы петицияға қол жинау басталды. Мәжіліс спикері Ерлан Қошановқа бағытталған петицияда кейінгі кезде қазақ тіліне байланысты даулар көбейгені, оған "халықтың тіліне, ұлттық ерекшелігіне, жалпы ар-намысына тиюшілердің" жазасыз қалып жатқаны түрткі болып отырғаны айтылады.

"Сізден заң шығарушы орган – парламенттің төменгі палатасының басшысы ретінде, қолданыстағы әкімшілік кодекстің тілге қатысты бөлігін заң талаптарына сәйкестендіруді сұраймыз. Атап айтқанда, Кодекстің 804-бабына өзгеріс енгізіп, тіл саласындағы уәкілетті орган болып табылатын Тіл саясаты комитеті мен оның жергілікті жердегі өкілдіктеріне әкімшілік кодекстің 75-бабымен әкімшілік хаттама толтыру құқығын беруді [сұраймыз]" делінген петицияда.

23 қазанда жазылған петицияға 28 қазан кешке дейін 10 369 адам қол қойған.

  • Chocofamily Holding негізін қалаушы қазақстандық кәсіпкер Рамиль Мухоряпов жуырда елге келген ресейліктер алдында сөйлеген сөзінде Қазақстанда "орыс тілін біле тұра" қазақ тілінде сөйлегендерді сынап, мұны "ұлтшылдық пен мәдениетсіздіктің белгісі" деп атаған. Кәсіпкер сөзі қоғамда қызу талқыланып, сынға ұшыраған. Елде компанияның қызметін пайдаланудан бас тарту науқаны да басталған. Кейбір қолданушылар компания сайттарының қазақша нұсқасының жоғына да назар аударған. Ізінше кәсіпкердің "кешірім сұраған" видеосы жарияланып, компания өкілдері жыл соңына дейін сервистерін қазақшалауға уәде берген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG