Accessibility links

Ресей украин астығын тасымалдау бойынша келісімге қатысуын тоқтатты


Ресей "астық келісімі" – украин астығы мен өзге азық-түлік өнімдерін Қара теңіздегі украин порттары арқылы тасымалдау туралы келісімге қатысуын тоқтатты. Бұл жөнінде Ресей қорғаныс министрлігі хабарлады.

Шешім сенбі күні "Севастопольдегі кемелердің дронмен атқыланғаны туралы" ақпаратқа байланысты қабылданған. Шабуыл жөнінде қала губернаторы хабарлаған еді. Ресей қорғаныс министрлігінің айтуынша, "астық дәлізіндегі" қауіпсіздікті қамтамасыз ететін кемелер шабуылға ұшыраған.

Ізінше Ресей сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жариялап, "астық келісімінен" шығатынын айтты. Ведомство Украинаны "Севастопольдегі Қара теңіз флотындағы кемелер мен инфрақұрылымға" дронмен "жаппай шабуыл жасады" деп айыптады.

"Украина қарулы күштерінің британ мамандары жетекшілік еткен әрекетіне байланысты Ресей жағы ендігәрі "Қара теңіз бастамасына" қатысатын азаматтық жүк кемелерінің қауіпсіздігіне кепілдік бере алмайды және бүгіннен бастап (29 қазан) оны жүзеге асыруды тоқтатады" деп жазылған Ресей СІМ хабарламасында.

Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба барлық мемлекетті Ресейден "аштық ойынын доғарып", өз міндеттерін орындауды талап етуге үндеді.

"Біз Ресей Қара теңіздегі астық бастамасын бұзуы мүмкін деп ескерткенбіз. Енді Мәскеу түрлі сылтау айтып, миллиондаған адамның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жатқан астық дәлізін бекітеді" деді ол Твиттердегі парақшасында.

Ресейдің "астық келісімінен" шығатыны туралы мәлімдемесіне Украина президенті кеңсесінің жетекшісі Андрей Ермак түсініктеме берді.

"Ресейдің бәз-баяғы қарабайыр шантажы. Ядролық шантаж, энергетикалық шантаж, азық-түлік ... "лас бомба" туралы ойлап тауып бүкіл әлемде күлкіге қалды. Өз нысандарындағы жасанды терактілер... Бәрі тым қарапайым және болжануы оңай дүниелер. Жетілмеген ультиматумдарымен ештеңеге қол жеткізе алмайтынын түсінбей жүрген қылмыскерлер жанталасы. Өздеріне тықыр таянғанын да түсінбейді" деп жазды Ермак Телеграм-арнасында.

  • "Астық келісіміне" биыл 22 шілдеде Ресей мен Украина БҰҰ мен Түркия араласуымен қол қойған. Азық-түлік тиеген алғашқы кеме Одессадан 1 тамызда шыққан.
  • 23 шілдеде украин жағы Ресейді астық келісімін бұзуға талпынды деп айыптады. Мұндай мәлімдеме жасауына Одесса порты аумағына жасалған зымыран шабуылы түрткі болған.
  • Украина - әлемдегі ең ірі астық өндірушілердің бірі. Ресей басқыншылығына байланысты Қара теңіз порттарында миллиондаған тонна азық-түлік қалып қалған. Киев бұған Ресейді кінәлаған. Мәскеу украин жағы акваторияны миналап тастағандықтан астық тиелген кемелер шыға алмай отырғанын айтқан. Осыған дейін БҰҰ бірінші кезекте Африка мен Азиядағы кедей елдерге аштық қатері төнгенін ескерткен.
XS
SM
MD
LG