Accessibility links

Сеулде Хеллоуинді тойлау кезінде жұрт сығылысып, бір-бірін таптап кеткен. 151 адам қаза болды


Оқиға орнында жүрген құтқарушылар.
Оқиға орнында жүрген құтқарушылар.

Оңтүстік Корея астанасы Сеулде Хеллоуинді тойлау кезінде жұрт сығылысып, бір-бірін таптап, 151 адам қаза болды. Шамамен жүз адам жараланған. Бұл жөнінде The Korea Herald басылымы жазды.

Жұрт демалыс күндері Итхэвон ауданындағы "Гамильтон" қонақ үйі маңындағы тар көшеге жиналған. Жұрттың не үшін сығылысқаны белгісіз. Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ель шұғыл жиналыс өткізді.

Associated Press жазуынша, зардап шеккендерге көмектесу үшін елдің түрлі өңірінен 800-ден астам құтқарушы келген. Сеул өрт сөндіру бөлімінің бастығы қаза болғандар саны артуы мүмкін, жараланғандардың кейбірінің жағдайы мүшкіл деді.

Қаза болғандар арасында 19 шетел азаматы бар. Жараланғандардың 15-і – басқа ел азаматы. Қазақстан сыртқы істер министрлігі зардап шеккен қазақстандықтар жөнінде ақпарат түспегенін хабарлады.

"Корея Республикасындағы Қазақстан елшілігінің консулдық бөлімі тәулік бойы жұмыс режиміне ауыстырылды. Корея құзыретті органдармен тұрақты байланыста болатын жедел штаб құрылды. Дипломаттар консулдық есепте тұрған қазақстандықтарға хабарласып жатыр" деп жазылған Қазақстан СІМ 30 қазан таңертеңгі хабарламасында.

Оқиға орнынан түсірілген видеодан құтқарушылардың жүрек-өкпе реанимациясын көшеде жасап жатқаны көрінеді.

Қаза болғандардың бір бөлігінің денесі ауруханаларға жеткізілген, бір бөлігі жақын жердегі спорт залға қойылған. Жедел қызметінің мәліметінше, қаза болғандардың басым бөлігі 20 жаста.

Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, Итхэвон ауданында Хэллоуинді тойлауға шамамен жүз мың адам жиналған. Коронавирус пандемиясынан бері алғаш рет Хэллоуинді тойлауға осынша көп халық жиналып отыр.

Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ель Сеулдегі трагедияға байланысты ұлттық аза күнін жариялап, қаза болғандардың жақындары мен туыстарына көңіл айтты.

XS
SM
MD
LG