Accessibility links

Нэнси Пелосидің күйеуіне шабуылдаған күдікті "адам өлтіруге оқталды" деп айыпталды


Нэнси және Пол Пелоси

28 қазанда Сан-Францискода АҚШ өкілдер палатасының жетекшісі Нэнси Пелосидің күйеуі Пол Пелосиге шабуыл жасалды. Нэнси Пелосидің өзі бұл уақытта Вашингтонда болған.

CNN'нің жазуынша, шабуылдаушы Нэнси Пелоси келгенше күйеуін байлап тастауға тырысқан. Ол Пол Пелосиден әйелінің қашан келетінін сұраған. Полиция үйге келгенде "Нэнсиді күтіп отырғанын айтқан". Кейін ер адам үй иесінің басын балғамен ұрған.

Полиция 28 қазанда таңертең болған оқиғаға не себеп болғанын түсіндірмеді. Нэнси Пелоси кеңсесінің хабарлауынша, бас сүйек жарақаты мен оң қолы жараланған Пол Пелосиге шұғыл операция жасалған. Дәрігерлер ол толық айығып кетеді деп санайды.

Полиция оқиға орнында ұсталған ер адамның аты-жөнін жариялады. 42 жастағы Дэвид Депейпке "суық қарумен адам өлтіруге оқталды", "адам жарақаттады", "тонады" және өзге баптар бойынша айып тағылды. Ақпаратқа қарағанда, ресми айыптауларды Сан-Франциско аймағының прокуратурасы тағады.

Журналистер бірнеше интернет-сайтта "daviddepape" есімімен тіркелген қолданушының бұрынғы президент Дональд Трамп пен оның конспирологиялық QAnon ұйымына қолдау білдіргенін анықтаған. Ол жазбаларында педофилия, антисемиттік бағыттағы тіркестер пайдаланып, әйелдерді, трансгендерлерді, технология компанияларына цензураны сынаған. Бұрын жазбаларында кварц кристалдары мен сорадан жасалған білезіктерді жарнамалаған.

Reuters агенттігі әзірге 28 қазанда ұсталған адамның дәл сол жазбаларды жазғанын тәуелсіз дереккөздерден анықтай алмаған.

Өкілдер палатасының жетекшісі Нэнси Пелоси – Демократиялық партия мүшесі, Конституция бойынша ерекше жағдайда президент міндетін атқара алатын елдегі үшінші тұлға.

Нэнси мен Пол Пелоси 1963 жылы отбасын құрған. Олардың бес баласы бар.

XS
SM
MD
LG