Accessibility links

Жамбыл облысында пойыз бен жеңіл көлік соқтығысып, алты адам опат болған


Жамбыл облысы Меркі ауданындағы Қарасу ауылында пойыз бен жеңіл көлік соқтығысып, алты адам мерт болған. Бұл жөнінде Жамбыл облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жол апаты туралы таңертеңгі сағат тоғызда Түрксіб станциясының желілік полициясы хабарлаған. "Теміржол өткелінде жолаушы пойызы мен Audi автокөлігі соқтығысқан. Автокөліктегі алты адам опат болды" дейді баспасөз қызметі.

Полиция телеграм-арнасында оқиға орнынан түсірілген қираған автокөліктің фотосуреті жарияланды. Полиция ақпаратына қарағанда, жеңіл көліктің жүргізушісі мен жолаушылары өлген. Полиция Қылмыстық кодекстің 345-бабы бойынша ("Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы") бойынша іс қозғалғанын хабарлады.

"Қазақстан темір жолы" компаниясының баспасөз қызметі жеңіл көлік теміржол өткеліне таңертеңгі сағат 8:35-те шыққанын жариялады. Көлікте алты адам болған. Қазіргі мәліметтерге қарағанда, жеңіл көлік тыйым белгісіне қарамастан өткелге шығып кеткен.

  • 2019 жылы 15 қыркүйекте Ақсеңгір-Шамалған теміржол өткелінде жолаушы пойызы мен автобус соқтығысқан. Жергілікті билік өткелде көлік тұрғандығына байланысты шлагбаум орнына толық түспегенін, автобус өткелге шығып кетіп, кептелісте қалып қойғанын мәлімдеген. Бір адам өліп, үш адам жараланған. Станция кезекшісі кінәлі деп саналып, сот оған шартты жаза кескен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG