Accessibility links

Израиль үш жарым жылда бесінші рет парламент сайлауын өткізіп жатыр


Биньямин Нетаньяху.
Биньямин Нетаньяху.

1 қарашада Израиль Кнессетіне сайлау болады. Бұл - кейінгі үш жарым жылда бесінші рет өткелі отырған парламент сайлауы.

Бұрын әлденеше рет премьер-министр болған, қазіргі оппозиция жетекшісі Биньямин Нетаньяху тағы да үкімет басқарудан үміттеніп отыр. Оның оңшыл консервативтік "Ликуд" партиясы, кейінгі қоғамдық сұрау қорытындысына қарағанда, қайтадан билеуші күшке айналуы мүмкін. Алайда, Нетаньяху жақтастары шешуші мандат санын ала ала ма, жоқ па, әзірге белгісіз. Парламентте көпшілік орынға ие болу үшін депутаттық 120 мандаттың кемі 61 мандатын алуға тиіс.

Бір палаталы Кнессет сайлауына барлығы 40 партия қатысып жатыр, болжамдарға қарағанда 11 партияның парламенттен орын алуға мүмкіндігі бар. "Ликуд" партиясының негізгі бәсекелесі - қазіргі премьер Яир Лапид жетекшілік ететін "Еш Атид" партиясы.

Дүйсенбі күні Лапид Twitter парақшасына Израиль халқы "шыншыл және еңбекшіл адамдардан тұратын үкіметке лайық" деп жазған.

Көп ретте жаңа министрлер кабинетін құруға апталар, кейде айлар кетеді. Агенттіктің айтуынша, Израильде тіпті ұқсас саяси секторда екендігіне қарамастан партиялардың альянс құруы қиын. 73 жастағы Нетаньяхудың бұған дейін үкімет коалициясын құра алмаған кездері болған. Оның оппоненттерінің лагерінде қазір қайткенде "Ликуд" партиясының жетекшісін премьерлікке жібермеуге тырысатын оңшыл да, солшыл да саяси күштер бар. Оның үстіне, Биньямин Нетаньяху "жемқорлықпен шұғылданды" деген айыптан да құтылған жоқ.

Алдағы сайлауда шешуші фактор – Израильде тұратын араб халқының сайлауға келу-келмеуіне байланысты болып тұр. 9 миллион 400 мың араб Израиль халқының 20 пайызын құрайды.

Маусым айында Израильде бұрынғы премьер Нафтали Беннет басқаратын, сегіз партиядан құралған коалиция көпшілік дауыстан айырылған. Бұл коалиция бір жыл ғана билік құрған. Үкіметті сыртқы істер министрі Лапид басқарған. Ол жаңа үкімет құрылғанша билікте қала береді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG