Ресейде 1,5 млн адам ВИЧ жұқтырған. Мұндай мәліметті Роспотребнадзор жанындағы эпидемиология және СПИД-тің алдын алу ғылыми-зерттеу бөлімінің жетекшісі Вадим Покровский айтты.
Ғалымның сөзінше, Ресейде ВИЧ жұқтырғандар бұрынғыдан көбейіп барады. 2030 жылға қарай 2 миллионнан асуы мүмкін.
Покровскийдің мәліметіне түсініктеме берген Ресей денсаулық сақтау министрлігі аталған дерек "нақты эпидемиологиялық жағдайды" көрсетпейді дейді. Министрліктің ВИЧ инфекциясы бойынша штаттан тыс бас маманы Алексей Мазус шын мәнінде инфекция жұқтырған ресейліктер 850 мыңнан аз деп отыр. 2021 жылы жаңа науқастар саны алдыңғы жылмен салыстырғанда шамамен 1,5 пайызға азайған.
Осыған дейін мемлекеттік думадағы дөңгелек үстелде Вадим Покровский Ресейде 2017-2020 жылдар аралығында 80 мың адамның ВИЧ-тен өлгенін, 300 мың адамның ауруды жұқтырғанын айтқан. Ғалым Ресейде ВИЧ ахуалы нашарлағанын, 100 мың халыққа шаққанда ауру саны Еуроодақпен салыстырғанда он есе көп екенін мәлімдеген.
Ресей денсаулық сақтау министрлігі сол кезде де Роспотребнадзор маманының мәліметіне күдік келтірген еді. Ведомство өкілдері Ресейде жағдай "тұрақталды" деген.
ПІКІРЛЕР