Accessibility links

АЕ/АР президенті: "Азаттық Медианың" кедергісіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажет


Азат Еуропа/Азаттық радиосы медиакорпорациясының президенті Джейми Флай.
Азат Еуропа/Азаттық радиосы медиакорпорациясының президенті Джейми Флай.

Азат Еуропа/Азаттық радиосы медиакорпорациясының президенті Джейми Флай Қырғызстанда Азаттықтың Қырғыз қызметі – "Азаттық Медиа" сайтының банк шотының бұғатталуына байланысты мәлімдеме жасады.

"Қырғызстан билігі жағдайды ушықтырып, Қырғызстан заңын бұзып отырған тәрізді. Журналистеріміздің үнін тұншықтырмақ болған әрекетке қарсы тұрамыз" деді Флай.

АЕ/АР президенті Азаттық сенімді ақпарат көзі, оның кедергісіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажет деді.

31 қазанда қырғызстандық "ДемирБанк" өкілдері Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінен Азаттықтың Қырғыз редакциясының банк шотын жабу туралы нұсқау алғанын хабарлаған. Азаттықтың Қырғыз қызметіне қаржы мекемесінен жазбаша ешқандай хабарлама не ескерту келмеген.

26 қазанда Қырғызстанның мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігі Азаттықтың Қырғыз редакциясы Қырғызстан мен Тәжікстан арасында болған қақтығыс туралы жаңалық сюжетін алып тастау туралы талабын орындаудан бас тартқаны үшін "Азаттық Медиа" сайтының жұмысын екі айға тоқтату туралы шешім қабылдаған. Ведомство сюжетте "қырғыз жағының Тәжікстанға "шабуылдағаны" жөнінде "тексерілмеген ақпарат бар" дейді.

Сөз болған видеоны Азат Еуропа/ Азаттық радиосы медиакорпорациясына кіретін, "Америка дауысымен" ынтымақтастықта жұмыс істейтін "Настоящее Время" телеарнасы түсірген.

АЕ/АР басшылығы министрліктің шешімін тәуелсіз БАҚ-ты қудалау амалы деп бағалап, бұл Қырғызстандағы демократияға нұқсан келтіреді деп мәлімдеген.

Азат Еуропа/Азаттық радиосы медиакорпорациясының президенті Джейми Флай телеарна болған оқиғада тараптарға теңдей сөз беру ұстанымымен жұмыс істейтінін және аталған контентті тексергенде корпоративтік стандартқа нұқсан келмегенін мәлімдеген. Азаттықтың Қырғыз редакциясы бұғатталғанына қарамастан жұмысын жалғастыра беретінін хабарлаған.

  • 27 қазанда Қырғызстанның мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігі "Азаттык Медианың" тіркеу құжаттарын тексерген. 29 қазанда ведомство "Азаттык Медианың" өзге IP-адрестер мен домендер арқылы жұмыс істеп жатқаны жөнінде хат жолдап, министрлік "құқық қорғау органдарына шағым түсіре алады" деп ескерткен.
  • Бұған дейін АҚШ мемлекеттік департаменті қырғыз билігінің Азаттық сайтын жабу шешімін айыптаған. Еуроодақтың адам құқығы жөніндегі арнайы өкілі де Азаттыққа араша түскен. Халықаралық "Журналистерді қорғау комитеті" (CPJ) мен Human Rights Watch (HRW) Азаттықтың бұғатталуына байланысты мәлімдеме жасап, қырғыз билігін шешімнің күшін жоюға шақырған.
XS
SM
MD
LG